Дара тұлға, дара жол деген ұғымдар жалпы алғанда қандай да бір адамның жеке тұлға ретінде ерекшелейтін бір қасиетін немесе қайталанбас жетістік шыңын бағындыра біліп даралыққа апарар жолын айтуға болады. Психологиялық тұрғыдан алғанда әрбір адам өзінше дара тұлға және өзінің дара жолы бар. Дегенімен қазақ қоғамы ұғымында дара тұлғаның дара жолы деп ұлы түлғаларды, ел тарихында өз орны бар, кейінгі ұрпаққа үлгі болар жанды даралап, ерекшелейтіні белгілі. Ендеше осы даралық ұғымын «ұстаз» сөзімен тарқатып көрейік. Ұстаз дара тұлға ма? Ұстаздың жолы дара жол ма? Психологиялық тұрғыда бұл сұрақтардың жауабы оң болғанымен қоғамдық ұғым мен түсінікте басқаша сипат алары хақ. Бес саусақтың түрлілігіндей мұғалімнің де түр-түрі болады. Алайда оның ішінде «ұстаз» деген атаққа шын лайығы да әлбетте аз емес. Қандай ұстаз болмасын шәкірттің жүрек түбінде қалары анық. Орыс халқының белгілі жазушысы Л.Н.Толстой ұстаздық қызмет жайлы «Егер мұғалім өз бойында іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген болса, ол – кемел ұстаз»,- деген болатын. Қазіргідей нарық заманында мамандықты меңгеру ісі алдыңғы қатарға қойылғанымен, жасап жатқан кәсібін сүйіспеншілікпен орындау кемшін түсіп жатады. Ал ұстазға тек қана өз пәнін меңгеріп немесе меңгерте білу ғана емес, шәкірттеріне деген сүйіспеншілігін, сыйластығы мен құрметін көрсетуі маңызды екені сөзсіз. Бұл тек кең пейілді, кемел ұстаздың ғана қолынан келеді. Ұстазға даралықпен бірге кемелдік те аса қажет. «Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет» демекші, үлкен өмірге жол сілтеген жандарға құрмет қашан да жоғары. Қандай мамандық иесі болмасын өз ұстазын тебіреніп толқып еске алмайтыны болмайды. Бала тәрбиесінде ана мен ұстазды қатар қойып та құрметтейді. Ана баланы дүниеге әкеліп, тәрбие берсе, ұстаз өмірге бейімдейді, арманына қанат бітіріп болашаққа жетелеуші жан ретінде бала өміріне қатысады. Кемел ұстаздың ұлағатын бойына сіңіріп, өмір өзектеріне айналдырған азаматтар еліміздің түпкір-түпкірінде қызмет етуде. Ия өлең жолдарына өрнек болып өріліп, жыр болып тізілген, ғалым мен шахтерды бас идірген ұстаздың еңбегі ұшан теңіз. Менің пікірімше, ұстазын құрметтеп қадір тұтқан жан ғана ұстаз сілтеген дара жолмен жүре алады. Ұстазын қадір тұтып, өзіне үлгі тұта алған, оның берген әрбір тәлім-тәрбиесін, баға жетпес білімін бойына дұрыс сіңіре алған шәкірт қана өмірде өз орнын адаспай табады. Ал білімді құрметтемей, білім береген ұстазының қадірін ұқпаған шәкірттің ғылымда да қоғам да биік нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайды. Тарихта ақыл-парасаты мол дара тұлғалардың барлығы дерлік ұстаздарына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алып отырған. Адамзат тарихының ең ұлы қолбасшыларының бірі болған Ескендір Зұлқарынайын – Аристеотельді, Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім Құдайбердіұлы – Абайды, Жамбыл Жабаев–Сүйінбай ақынды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына, дара жолдарының қалыптасуына ұстаздарының сіңірген еңбегі мол екенін жақсы түсіне білген, бағалаған. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Айбай атамыз айтқандай ұстаздың берген тәрбиесі мен өнегесі шәкіртінің болашақ азығы. Қазіргі технологиялардың дамыған заманында ұстаздың арқалаған жүгі де ауырлай түсті. Басқа мамандық иелерінен оны даралап тұратыны да осы. Себебі тек ұстаз ғана қоғамдық өзгерістерді «қасқайып» қарсы алып, алдындағы білім алушыға өз білгенін жеткізу жолында ол өзгерістерді тиімді қолдана кетеді. Басқа мамандық иелеріндей бір салып алған сүрлеумен жүріп отырмай үнемі ізденіс үстінде жүреді. Жаспын, кәрімін деп жас ерекешелемей жаңалықты меңгеріп өз шәкіртіне жеткізгенше асығып, білгенін бала бойына дарытпай тынбайтын жанды қалай дара тұлға демеске болады. Ұстаз туралы, оның адамзат өміріндегі орны мен мәртебесі туралы том-томдап кітаптар жазуға болады. Алайда мен бүгін ойымды қысқаша жаздым. Ең маңыздысы менің өмірімде алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәттен бүгінгі күнге дейінгі ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Менің бала жүрегіме бұл мамандық иесінің шоқтығы биік екенін сіңіріп, дара жолдарын үлгі тұтып, іздерімен жүріп отыруға, ұстаздық жолын таңдауға және сол жолда даралыққа қол жеткізуге қанаттандыра білген өз ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Ұлағаттылық пен даралыққа жетіп, ұстаздық қызметімде дара жол салу менің білім алған ұстаздарым алдындағы парызым деп білемін. Себебі ұлттың рухани байлығы білімінде.

Әсел Бақбердіқызы

№7 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен

әдебиеті пәні мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!