Елордада дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері наразылыққа шықты. Олар жаңа оқу жылынан бастап қысқартуға ұшыраймыз ба деп үрейленіп отыр. Ал қарсылыққа себеп болған оқу-ағарту министрлігінің жаңа бұйрығы. Онда ендігі жылдан бастап дене шынықтыру пәнінде ұлдар мен қыздар қосып оқытылады деп жазылған екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Сәйкесінше сағат қысқарса, аталмыш пәннің ұстаздарына сұраныс азаюы мүмкін.
Қазіргі заманғы дене шынықтыру сабағы доп лақтырып жүгіру ғана емес. Осылай деп шыр-пыр болған ұстаздар дене шынықтыру пәнінінің маңызын дәлелдеп баққысы-ақ келіп жатыр.
Бұған себеп оқу-ағарту министрлігінің жаңа бұйрығы – жаңа оқу жылынан бастап дене шынықтыру пәнінде ұлдар мен қыздарды бірге оқытпақ. Сәйкесінше, енді бүтін сыныпқа бір мұғалім жауап береді. Біріншіден, баланың бәріне бірдей ие болу оңай жұмыс емес дейді ұстаздар.
“Ұлдар мен қыздарға, 40 балаға жалғыз бір мұғалім сабақ беруге тура келеді. Бұның ең сорақысы, спорт ойындары басталған кезде жалғыз мұғалім 40 балаға қалай ие болады? Біріншіден, қауіпсіздік ережесі, ертең жарақат көп болады”, – дейді Дәулетбек Салихан.
Әрі оларға берілетін тапсырмалар да, алынатын нормативтер де әртүрлі. Түптеп келгенде ес білген ұл мен қызды қатар жүгірту де ыңғайсыз деп отыр мұғалімдер.
“Ұл-қыздардың дене шынықтыру сабағында олардың физиологиялық деңгейі әртүрлі. Берілетін жүктеме де әртүрлі. Қыз балалар көбіне гимнастика сабағында болсын, қыздар ұялады, мысалы, бірге өткізуге”, – дейді Айдар Таңатқанұлы.
Бірақ дене шынықтыру пәні мұғалімдерін бас көтеруге себеп болған басты мәселе – жұмыс жайы. Өйткені министрліктің бір сыныпқа – бір мұғалім деген шешімінен кейін дене шынықтыру пәні ұстаздарына деген сұраныс күрт төмендейтіні анық. Сағат қысқарған соң далада қаламыз ба деп қорқады.
«Ұзақ жыл бойы тек осы саланың нанын жеп келген бізді кім керек қылады», – дейді наразы мұғалімдер. Тіпті қазірдің өзінде мектеп басшылары: «Бұйрық жоғарыдан келді, біз ештеңе шешпейміз», – деп кесіп айтыпты.
“Ипотекамен үй алған, несиелері бар. Әрбір 1012 мұғалімнің, ер мұғалімдер отбасын асыраушы, олардың бәрі жұмыссыз қалайын деп тұр. Сол жөнінде де ешқандай ойластырылмаған нәрсе”, – дейді Айдар Таңатқанұлы.
Мұғалімдер министрлікке арызын айта барғанда ұл мен қызды бөліп оқыту жүйесі тиімсіз екенін дәлелдедік деп қысқа қайырыпты. Қазір елде 30 мыңға жуық дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бар екен. Олардың қатары жыл сайын толығып жатыр.
“Грантқа бітірген студенттер қазір мектепте сағат болмаса, ол жұмысқа кіре алмайды. Кіре алмаған соң үш жыл жұмыс таппаса, өз қалтасынан ақшасын төлейді, грантқа оқығаны үшін. Соңғы жылдары дене шынықтыру пәнінен жас мамандар келеді, мысалы біздің екі мектепке үш жас маман келді”, – Аманбай Қозғанбаев.
Ал оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бірінші кезекте қалтаның емес, баланың жайын ойлауымыз керек дейді.
«Ұстаздардың бұлай шамдануы – жүктемесі көп болған сайын жалақысы жоғары болып үйренгендіктен. Бүгінде елдің біраз мектебінде бір уақытта спорт залда бірнеше сыныпқа дене шынықтыру пәні қатар болады. Егер әр сыныпты екіге бөліп, бір-бір мұғалімнен беретін болсақ, бір сәтте 6 мұғалімге дейін жүруі керек болады. Ұстаздар қауымына қате ақпарат жетіп жатыр деп ойлаймын. Мен министр ретінде ресми айтамын, дене шынықтыру пәнінің сағаты қысқармайды. Яғни әр сыныпқа аптасына үш сағаттан болып қала береді. Жыл сайынғы дәстүрге сәйкес, елімізде 500 мың сағат дене шынықтыру пәніне бөлінеді”, – дейді Асхат Аймағамбетов.
Бірақ министрдің бұл сөзі мұғалімдердің толқыған көңілін баспай тұр.
«Дене шынықтыру пәніне енгізілген жаңашылдықтан кейін жұмыстан қағылсақ, ұл-қызымызды кім асырайды?», – дейді олар. Сондықтан енді бұл мәселеге ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударса дейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!