Алматы облысында 9 жасар жетім баланы асырап алған мұғалім оны кез-келген әрекеті үшін аяусыз ұрып-соққан. Асыраушысының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматы облысында 18 жылдық тәжірибесі бар мұғалім асырап алған қызын аурухана төсегіне дейін жеткізді. Әлеуметтік желілерде асыраушысынан зәбір көрдім деген баланың видеосы таралып жатыр. Қыздың айтуына қарағанда, асырап алған анасы оның денесін қайнаған сумен күйдірген, ұрып-соққан, құлағынан тартқан, салдарынын денесінде көгерген іздер пайда болған.

“Өлеңді айтпасам, мені қайнаған суға апарады. Ағам денедегі ісік қайдан пайда болғанын сұрайды. Анам: «Білмеймін, құлап қалды» деп жауап береді. Бірақ ол мені ұрды, оны алайда ағасына айтпады. Моншаға кіргенімізде ол мені шелекпен ұрды. Сосын ол мені суға түсірді. Мен жылай бастадым, ол жарықты өшіріп, кетіп қалды. Осыдан кейін мен сыртқа шығу үшін одан сайын қатты жылап жібердім. Ол ішке кіріп, жарықты қосты сосын шлангты алып, мені ұра бастады”, – делінген жариялымда.

Зорлықтың басқа да түрін көрсеткенін мәлімдеген видеоны Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары ең алдымен «НемольчиKZ» қорына жіберген.

Үндеуде айтылғандай, баланы жарты жыл бұрын Еңбекшіқазақ ауданындағы мектептердің бірінің мұғалімі асырап алған. Және бірден жүйелі түрде ұрып-соғып, азаптауға көшкен. Қыз оның үйінде жарты жылдай тұрған, ол алғаш рет қашып кеткенінде танысы ұстап, мұғалімнің үйіне қайтарған. Бұл қылығы үшін оны тағы ұрып-соққан, екінші мәрте қашқанында да мұғалім оны ұстап алған. Таяқтың астында қалып, азапталған қызды сол мектептің тағы бір мұғалімі көрген. Физикалық зорлық-зомбылыққа ұшыраған баланың айтқандарын естігеннен кейін, әйел оны әкімдікке әкеліп, учаскелік полиция қызметкерін шақырған.

Еңбекшіқазақ ауданында 9 жасар жетімге қатысты зорлық – зомбылық фактісін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева растады. Балалар омбудсмені оқиғаға қатысты пікір білдірді.

“Қыз ауруханада жатыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істің барлық мән-жайы тексерілуде. Келесі кезекте асыраушы құқығынан айыру шаралары қолданылады. Іс менің бақылауымда», — деп жазды Зәкиева Instagram парақшасында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!