Әлеуметтік желіде Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы лагерьлердің бірінде түсірілген бейнежазба тарады. Онда жылап тұрған балалар үйлеріне қайтаруды сұрайды. Ал видео авторы лагерьде балаларды бұзылған аспен тамақтандыратынын айтқан. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева осы жағдайға көз жеткізу үшін аталған ауданға барып келгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, балаларға лагерь ұнап жатыр. Алайда ұзақ уақыттан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, ғимарат өте ескі әрі балаларға дұрыс жағдай жасалмаған.

«Балалармен сөйлесіп, жағдайларын қарап шықтым. Қазір лагерьде ауысым басында болған 600 баланың 190-ы ғана қалған екен. Қалғанын ата-аналары үйге алып кеткен. Балалар лагерьді өздері көрсетіп шықты. Бағдарлама, тәрбиешілер және бұл жерде өткізген уақыттары ұнап жатыр дейді. Бірақ лагерьде балаларға дұрыс жағдай жасалмаған. Ұйымдастырушылар жалға алып, балаларға қызмет көрсетіп жатқан ғимараттары өте ескі. Ағымдағы жөндеу жұмыстарының өзі көптен жүргізілмеген сияқты. Қабырғалардың бояуы опырылып түсіп жатыр, бөлмелерде 12 кереуеттен, бәрі ескі. Барлығы тозған күйде. Ас үйде кейбір азық-түлік сақтау нормалары сақталмаған. Дәретханалары далада, қазіргі жағдайы нашар. Оны ғимараттың ішінде салуға да болушы еді. Бассейн мүлдем жұмыс істемейді, әкімшілік оны тазалап жатырмыз деді, дегенмен ол да жөндеуді талап етеді», – дейді Динара Зәкиева.

Оның айтуынша, қазір мемлекеттік органдар лагерьде тексеріс жүргізіп жатыр. Жалпы, Түркістан облысында тек 6 мемлекеттік лагерь бар. Баланы жазғы демалыспен қамту үшін әкімдіктер жеке меншік лагерьлерге мемлекеттік тапсырыс береді. Қазір мұның бірыңғай тәсіл, ереже, стандарттары мен талаптары жоқ. Сондықтан Бала құқықтары жөніндегі уәкіл алдымен заңды өзгерту керек екенін айтты. Сонымен қатар Түркістан облысына барғаннан кейін барлық лагерьді тексеріп шығуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Біріншіден, бірыңғай ережелер мен талаптарды енгізу керек. Екіншіден, лагерлер ашылғаны туралы мемлекеттік органдарды хабардар ету керек. Себебі қазір лагерьді ашу үшін тек Төтенше жағдайлар басқармасы мен СЭС-тен рұқсат алу жеткілікті. Осылайша, лагерьді кез келген мекеме ашып жүр. Сайрам ауданындағы мемлекеттік лагерьлердің біріне де барып келдік. Ондағы жағдай сәл жақсырақ, дегенмен дәретхана мен бассейн онда да қорқынышты күйде. Дәретхана тағы да далада. Мұның бәрін әкімдік өкілдеріне жеткіздік. Сонымен қатар, Төлеби ауданында орналасқан ЕҚБ балаларға арналған МӘМ-ге де барып келдік.

Жалпы, елімізде 120 мемлекеттік, 98 жеке меншік лагерь, 900 шатырлы, 9,5 мың мектеп жанындағы лагерь бар. Әріптестеріммен бірге енді барлық лагерді тексеріп шығуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, әкімдіктермен мемлекеттік лагерьлердің бәрінде жөндеу жұмыстарын жүргізуді пысықтағымыз келеді», – деп жазды Динара Зәкиева Facebook-тегі парақшасында.

Айта кетейік, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Динара Болатқызы Зәкиева Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындалған болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!