Алдағы уақытта жоғары оқу орындарына лицензия 5 жылға ғана беріледі. Бұл жайында Білім және ғылым министрі кезіндегі қызметі туралы есеп берген Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алдағы уақытта жоғары оқу орындарына берілетін лицензиялар мерзімсіз болмайды. Олар 5 жылға беріледі. Ал оларды қайта ресімдеу автоматты түрде емес, енді біліктілік талаптарына сәйкес болған жағдайда ғана жүргізіледі. Көп ұзамай «Жоғары мектеп» лексиконынан «диплом фабрикалары» немесе «шаңсорғыш оқу орындары» сияқты терминдер мәңгіге жоғалатынына сенімім мол», – деп жазды министр Facebook парақшасында.
Сонымен қатар министр кадр саясаты да ерекше маңызға ие екендігін баса айтады.
«Жоғары білім беру саласын басқаратын ректорлар деңгейінде ұрпақ алмасу процесі болды. Жоғары оқу орындарының басшылығына беделі мінсіз, ғылыми бэкграунд, шетелдік тәжірибесі бар, кәсіби шеберлігі жоғары мамандар конкурс арқылы тартылды. Сонымен қатар жоғары оқу орындарын басқару жүйесіне проректор ретінде 25-тен астам жас және болашағынан зор үміт күтуге болатын мамандар шақырылды. Олар жоғары білім беру жүйесінің кадрлық резервіне кірді», – деді Асхат Аймағамбетов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!