Көз майын тауысып, табақтай дипломның артынан төрт жыл жүгірген талай жан бүгінде сол қатырма қағазды сары сандықтың түбінде сақтап жүр. Ойлағаны бір басқа, қол жеткені тым бөлек. Адам өзінің болашағын күні бұрын қалай білсін?! Жұмырбасты пенде өмір ағымымен жарқын болашаққа барынша талпынады. Десек те, «жүрек қалауымен таңдалмаған сала бәрібір қолға түспейді» дейтіндер көп. Бірақ таңдаған мамандығында бәсекенің бәсі биік, орын болмай жатқандар қайтпек?! Қалай болғанда да көпшілік мұның барлығын мамандықтар арасындағы баланс пен оқу орындары мен жұмыс орындарында байланыстың болмауынан көреді. Тақырыпты талқы таразысына салдық, оқырман өз бағасын берер?! Төреші – халық.
Кез келген тығырықтан шығар жол болады
Аякөз Тұрсынханқызы:
– Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын бітірдім. Әрине, осы саланың өкілі болғым келді. Нақты осы пәнді таңдадым. Адам өзі қай салаға бейім соған барады ғой. Толқынға қарсы кім жүзгісі келеді дейсіз?! Университетті бітірген соң жұмысқа орналастым. Бірақ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандары өте көп. Қай мектепте де орын тапшы. Жақында мемлекеттің жұмыспен қамтуды көздейтін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен мектепке орналастым. Бірақ университетке екінші жоғары білім алуға бастауыш сынып мұғалімі мамандығына тапсырып, соны оқып жатырмын. Менің ойымша, адам мына салада жұмыс жоқ, маман көп деп қарап отырмау керек. Білім алған төрт жылда жағдай мүлдем басқа жаққа бұрылып кетуі мүмкін. Кейде тіпті, орын көп, ал кейде орын жоқ. Өйткені, жыл сайын жүздеген, тіпті мыңдаған түлек оқу бітіріп жатыр. Болашақта бастауыш сынып мұғалімі тапшы болуы мүмкін деген талдауға жүгініп, аға буынмен ақылдасып, осылай шештім. Бұл – алғашқы мамандығымды жоққа шығару емес, екі мамандықпен де жұмыс істей беремін, мүмкіндігім де мол болады. Негізі ойлағаным осы. Оқу-білімнің артығы жоқ. Еңбектеніп, жұмыс істеймін деген адамға бағыт табылады. Кез келген тығырықтан шығар жол бар, оны табу үшін іздену керек.
Адам қартайса да, бала күнгі аңсаған мамандығына қадам бастайды
Жүзбай Таңырықбаев:
– Мектеп қабырғасында жүргенімде суретші, әнші, актер да болдым. Абайдың образын сомдаған сәттерім де бар. Бесаспап болдым десем де болады. Салауатты өмір салтын ұстанып, спорттың жеңіл атлетика түрінен жүгірген желаяқ болып та танылдым. Бірақ сол кезеңнің мықты мамандықтары жұмысшы мамандығы еді ғой. Әкем «Отын-су таситын шопыр бол» деп политехникумға түсірді. Оқу орнында суретші ретінде танылдым. Бойында өнері бар адам қай кезде де қат қой. Бірақ сол дипломыммен автобазаларда жұмыс істедім. Мамандыққа адалдығым, оқыған еңбегім бар, оған әкемнің сенімін қосыңыз. Мойында жауапкершілік қамыты тұрғанда басқа жаққа бет бұруға ой да болмады. Сөйтіп жүріп, «Қазақстанның құрметті автокөлікшісі» атағын алып, зейнетке, құрметті еңбек демалысына шықтым. Сан жылғы бейнетімнің зейнетін көріп келемін. Бірақ бала күнгі армандаған мамандығыма оралдым. Бірнеше кітап шығарып үлгердім. Қазір жазушы-журналист ретінде танылдым. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесімін. Ата-аналарға айтарым, баланың таңдауына құлақ асып, жақсы көретін мамандығына түсірген жақсы. Таңдау бар кезде, оны пайдаланған жөн. Мен қайда қашсаң да, бала күнгі арманыңдағы мамандықпен түбі қосылуға болатынына көзім жетті. Оған мысал – өзім.
Бірі қызыл, бірі көк.
Екеуінен де пайда жоқ
Гүлсім Қойбағарова:
– Басқаларды білмеймін, баламның бір емес, екі дипломы түк кәдеге аспай, сандықта сақталып тұр. Бірі қызыл, бірі көк, екеуінен де пайда жоқ. Мамандығына бейімі бар. Тіпті тқатарының алды. Бірақ нанымыз басқа саладан бұйырды. Адам мамандығы бойынша жұмыс табылмаса да, басқа саладан өзінің бағын сынап чкөрген жөн. Өйткені өмірде бәрі де мүмкін. Кедергілерге сүрінбей, алға басу керек.
«Қызылордадан жұмыс таппадым»
Сырым Жаппасбаев:
– Бұрын-соңды мамандығым бойынша жұмыс істеп көрдім. Ол уақытта Алматыда жол полициясында жұмыс істедім. Кейін әке-шешемнің қасына, Қызылорда қаласына келіп, қарашаңырақта тұру керек болды. Ол жақтан бері қарай ауыстырылмайды екен. Амалсыз жұмыстан өз еркіммен шығып, Қызылордадан жұмыс қарадым. Тамыр-таныс жағаладым, онымнан да түк шықпады. Барлық жерге түйіндеме қалдырдым, ол да уақытты текке өткізу болды. Үміттендіріп, бір хабарласпады да жарықтық. Әрине, «құрғақ қасық ауыз жыртады» деген бар. Қазақтың бас ақыны – Абай да өз уақытында «Болыс болдым мінеки, бар малымды шығындап» деген жоқ па?! Қайтейін, басқа саланы таңдауым керек болды. Не де болса, нөлден кәсіп бастасам деп шештім. Осылай логистика саласына ендім де кеттім. Бастапқы капитал үшін несие алдым. Несібем артып, әйтеуір, нанымды адал тауып, несиені жауып тастадым. Қазір бірнеше жүк көлігім бар. Жүргізушілерім жұмыс істеп жатыр. Тапсырысты өзім табамын. Таза пайдаға еңбек етудеміз. Бір кәсіпті бастасаң, соған қарай екіншісі де қолға алынады ғой. Ойға келіп жүрген бірнеше бағыт бар. Қазір оларды зерттеп жүрмін. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» демекші, ата-анаммен, достарыммен ақылдасып, тіпті сол саламен айналысып жүргендермен де пікірлестім. Жақын арада екінші кәсіптің шымылдығын түремін. Ал дипломым отбасылық архивте тұр. Бәрінен қызығы, өзім жұмыс таппай жүріп, тың идеямен қазір жұмыс берушіге айналдым.
45 жастағы екінші мамандық
Салтанат Сәдуақасова:
– 1992 жылы өңірдегі университетіміздің шығыстану факультетіне түскенмін. Біз бітіретін жылы ол факультет жабылды да, бізді экономистерге қосып жіберді. Алған мамандығым – экономист, шығыстанушы, референт-аудармашы. Бірақ, амал не, қазір алған дипломым шаң басып жатыр. Онымен жұмыс істей алмадым. Экономист болғым келді, бірақ жолым болмады. Хабарландырулар қарап, сол бойынша біраз мекемеге бардым. Банкке де бардым. Конкурстардан, тесттен өтіп, соңына келгенде өтпей қалып жүрдім. Сөйтсем, сол баяғы тамыр-таныс, қалтаң қалың болса деген сияқты…
Осылай жүргенде бағым жанып, университет кітапханасына жұмысқа тұрдым. Осыдан 15 жылдай бұрын… Кітапханалардың автоматтандырылып жатқан кезі. Компьютерді білетінімнің пайдасы тиіп, жаңадан ашылған кітапхана істерін автоматтандыру бөліміне орналастым. Осы бөлімде жұмыс істей жүріп, бағдарламашы мамандығын бітіріп алдым. Бұл мамандықтағы дипломымды кітапханамен байланыстырып, өзім бастан-аяқ жазып, өз күшіммен қорғап шықтым. Қазір университет кітапханасының электронды ресурстар бөлімінің меңгерушісімін.
Атақты Абай секілді «Ер жеткен соң түспеді уысыма, қолымды мезгілінен кеш сермедім» демедім. Қоғамға бейімделу керек, бір мамандықтан жолың болмаса, ешкімнен, ешнәрседен қорықпай, екінші мамандық оқып алу керек. Қашанда бірінші қадам бастау батылдықты қажет етеді, ал бірінші қадам бастадың ба, арғысы оп-оңай.
Министрліктің жауабы: «Басқа мамандық оқып ал!
Ермұрат Аманкелдіұлы:
– Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің түлегімін. Валеология мамандығы бойынша бітірдім. Біз бітірген жылы мектеп бағдарламасынан бұл пәнді түбегейлі алып тастады. Содан жұмыс жоқ, қолға дипломды ұстап, далада қалдық. Кейін салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында бір ай жұмыс істедім. Иә, иә, сенесіз бе, бес жыл оқыған мамандығым бойынша бар-жоғы бір ай жұмыс істедім. Ол жерден де орнымды таппадым. Мұнан соң барлық құжаттамаға сәйкес сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрлігіне хат жаздық. Олардан бір ғана жауап алдым. «Басқа мамандық оқып ал!». Ал бес жыл ақылы негізде оқыған адамды мемлекет осылай оп-оңай лақтырып тастай сала ма?!
«Үміт соңынан өледі» деген бар ғой. Бес жылды оқуға жұмсадым, бес жыл үміттеніп, түйіндемемді арқалап, мекемелерді араладым. Бәрінің айтатыны: «Бұл мамандық жарамсыз!». Мүмкін, тұрақты жұмысқа орналасу үшін ат мінгізіп, шапан жабуым керек пе еді?! Бұл үрдіс әсіресе Қызылордада жоғары деңгейде дамыған. Қазір Теміртау қаласында досымның жеке мекемесінде көмекші болып жұмыс істеймін. Бәлкім, мамандығым бойынша жұмыс табылғанда Қызылордада қалатын ба едім, кім білсін?! Табақтай дипломымыз сандықтың түбінде сақтаулы, ал бізге нан мүлдем басқа саладан бұйырыпты.
«Мамандығым бойынша магистратураны да бітірдім, бірақ жеке кәсіптен орнымды таптым»
Серік Бақытұлы:
– Аймақтағы жоғары білімнің қара шаңырағы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін тәмамдадым. Бакалаврдан кейін магистратураны да оқыдым. Айтпақшы, ақылы негізде оқыдым. Оқуға 2013 жылы алған несиемді 2020 жылы екі еселеп, әрең төлеп аяқтадым. Бакалавриатта кәсіби оқыту бойынша білім алсам, магистратурада педагогика бойынша оқыдым.
Университетте бірге оқыған достарымның бәрі мұғалім. Мен – жеке кәсіпкермін. Негізі әке-шешем бұрыннан саудамен айналысатын. Мен де отбасылық кәсіпті жалғауға бел будым. Оның үстіне өзім еркін жүргенді ұнатамын. Біреуге бағынышты болғым келмейді. Ал негізгі сұраққа келсек, дипломның маған пайдасы болмады. Қазір кәсібімді әртараптындыруды қолға ала бастадым.
«Қызылордада таныссыз жұмысқа тұру мүмкін емес»
Жанна Сұлтанова:
– Атынан ат үркетін іргелі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің колледжінен алған дипломым сол күйі қалды. Қызылордада тұрғанда бір мектепке жұмысқа тұрғым келіп еді, болмады. Кейін Алматы қаласына қоныс аударып, осында Абай атындағы университетті бітіріп алдым.
Айтсам, ешкімнің намысына тимейтін шығармын, Қызылордада таныссыз жұмысқа тұру мүмкін емес екенін мен айтпасам да ел біліп отыр ғой.
Дипломның қайда жатқаны белгісіз
Наурыз Мәлік:
– Екі дипломым бар. Бірі – эколог, екіншісі – мемлекеттік және жергілікті басқару. Қазір ол екеуінің де қайда жатқанын білмеймін. Басқа саладан нан бұйырды. Адамның дегені барлық кезде бола бермейді. Кейде басқа түскенге баспақшыл болуың керек. Бұл үшін біреуді кінәлаудан аулақпын, өмір ағыны өз бағытына салып алады.
Түйін.
Қадірлі оқырман! Мәселенің барлығы сол бір қатырма қағазға тіреліп тұрған жоқ. Әлбетте, оқыған саласы басқа бола тұра қызметте биікті бағындырып, өмірден өзінің несібесін теріп жүргендердің мысалы жетіп артылады. Білім алудағы мектептің берген білімін өмір мектебі он еселеп, алдыңызға әкеледі. Бастысы, алға қойған мақсатыңыз бен мұратыңыз екенін ұмытпаңыз!
Жоғарыда пікір иелерінің жолы әр алуан. Ал сіздің жолыңыз қандай? Әрине, әркім – өз өмірінің қожайыны. Бірақ маңдай терім сіңген дипломым кәдеге аспады деп, кейімеңіз. Бәлкім, сізге тағдырдың дайындаған басқа сыйы бар шығар?! Ең бастысы, ешқандай диплом берілмейтін адамдығыңыз мамандығыңыздан биік тұрсын!
Пікірлерді жинақтаған
Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!