Түркістан облысы Төле би ауданында 6-сынып оқушысына директордың орынбасары мен ата-аналардың бірі жұдырық жұмсаған. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 19 мамыр күні 1-мамыр ауылында болған. Екі ер адам баланы ұрып, балағаттаған. Жеткіншекті  тәрбиелемек болғандардың әрекетіне қатысты тергеу басталды.

Жауаптылардың айтуынша, ұл бала сыныптас қызға тиіскен. Мұны әкесі естіп, мектепке келіп, жиналыс ашқан. Директордың орынбасар мен қыздың әкесі баланы ортаға алып, қол көтерген.

Оқушыға жұдырық жұмсаған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары осыдан кейін өз еркімен жұмыстан кетті.

“Мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары кінәсін мойындап, өз еркімен жұмыстан шығып кетті. Екінші мектептің психологы мен сынып жетекшісіне сөгіс жарияланды. Білім бөлімінің тарапынан қауіпсіздік сақтамағаны үшін мектеп директорына қатаң сөгіс жарияланды”, – деп мәлімдеді Түркістан облысы Төле би ауданы бөлім басшысының міндетін атқарушы Бекайдар Тойлыбаев. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!