Фото: Pexels

KAZINFORM — 2024 жылғы докторантураға түсу емтиханына өтініш қабылдау testcenter.kz сайтында 11 шілдеден бастап 3 тамызға дейін жүргізіледі.

Өтініш беру кезінде тек тестілеу ОРНЫН (ҚАЛАСЫН) таңдай аласыздар. 

Ал тест тапсыру күні, уақыты және орны (мекенжайы) туралы ақпарат 9 тамызда жеке кабинеттің «Менің іс-әрекетім» бөлімінде ұсынылады.

Айта кетейік, сіздерге өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін, яғни 3 тамызға дейін білім беру бағдарламаларының тобына, тест тапсыру тілі мен орнына (қаласына) өзгеріс енгізуге мүмкіндік беріледі.

Емтиханға қатысу құны — 21 072 теңге.

TOEFL ITP сертификаты бар тұлғалар ДТЕ басталғанға дейін ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеуді (қосымша тестілеу) тапсырады.

Қосымша тестілеуді өткізу орны мен уақыты туралы ақпарат 5 тамызда талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Қосымша тестілеуге қатысу құны — 14 162 теңге.

Түсушілер міндетті түрде ҚАЗТЕСТ сертификатын және шет тілін меңгергенін растайтын сертификат ұсынуы керек.

2024 жылы шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттардың шекті деңгейі B1-ге дейін төмендетілді және тізімге TOEIC және Duolingo English Test сертификаттары енгізілді.

Докторантураға «магистр» дәрежесі және кемінде 9 (тоғыз) ай еңбек өтілі бар немесе медицина мамандықтары бойынша резидентурада оқу бітірген адамдар қабылданады.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде докторантураға түсу үшін шекті балл — 75 балл. 

2024 жылдан бастап түсушілердің бейіні бойынша докторлар бағдарламасы аясында докторантураға түсуге мүмкіндігі бар. 

Бұл бағдарлама үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттың белгілі бір деңгейі талап етілмейді.

Сондай-ақ, бейіні бойынша докторлар бағдарламасына түсушілер емтихан барысында эссе жазбайды. 

Ең жоғары көрсеткіш — 80 балл, оның ішінде әңгімелесуге — 25 балл, кәсіпорындар мен ұйымдардың ұсыныс хатына (болған жағдайда) — 5 балл және бейіні бойынша емтихан сұрақтары — 50 балл.

Шекті балл — кемінде 50.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!