«Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» (АӘТД) пәнінің сағаттар саны қайта қаралуы мүмкін. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында осындай мәліме айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алғашқы әскери және технологиялық дайындық кабинетін жарақтандыру «Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнаулы білім беру ұйымдарын құралдармен және жиһаздармен жабдықтау нормаларына» сәйкес жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта Ұлттық білім беру деректер базасына сәйкес 5432 орта мектептің 4702-де АӘТД кабинеті жұмыс істейді. Оның ішінде 134 кабинет оқу жабдықтарымен (макеттер, тир, саптық плац, пневматикалық мылтық, оқу қаруы және т.б.) жабдықталмаған», – деп жазады Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов осы және өзге де кемшіліктердің орнын толтыру үшін Оқу-ағрту министрлігіне тиісті тапсырма берілгенін айтады.

«Осыған орай министрлікке жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп АӘТД пәнінің кабинеттерін жабдықтау нормасына сәйкес оларда қажетті әскери-техникалық мүліктің, оқу-жаттығу қаруын, атыс тирін сақтауға арналған үй-жайлардың, кедергілері бар және тактикалық даярлығы бар сабақтар өткізуге арналған алаңдардың болуын қамтамасыз ету, АӘТД пәні бағдарламасының негізгі тақырыптары бойынша сағаттарын ұлғайтуды қарастыру тапсырылды», – деп жазылған жауапта.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!