Олардың тізімдері 25 желтоқсанға дейін ресми сайттарда жарияланады.
Фото: Halyq Uni
Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті 2024 жылы 2 мың 692 білім беру ұйымында профилактикалық бақылау жүргізеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, егер бұған дейін білім беру ұйымдарының тізімін мемлекеттік органдар қағаз түрінде қалыптастырып келген болса, биыл алғаш рет автоматтандырылған іріктеу жүйесі қолданылды.
Тәуекелді аймақтағы білім беру нысандарын анықтаудың автоматтандырылған жүйесі басқа да ақпараттық жүйелермен (NOBD, e-license, NTC деректер базасы және т.б.) интеграцияланған. Іріктеудің өзі белгілі бір критерийлер бойынша іске асырылады: педагогтердің сапалық құрамы, материалдық-техникалық база, мемлекеттік білім беру стандарттары, қызметтің үлгілік қағидалары және т.б.
Осылайша, автоматты іріктеу кезінде «тәуекел» аймағына 2 мың 692 білім беру ұйымы түсті: 1 мың 446 балабақша, 1 мың 149 мектеп және 97 колледж бару арқылы профилактикалық бақылауға жатады.
Профилактикалық бақылауға жататын ұйымдар тізімін қалыптастыру тәртібін автоматтандыру тексерулерді жоспарлау кезінде адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді. Бұл жерде білім беру ұйымдары туралы ақпараттың негізгі көзі болып табылатын Ұлттық білім беру деректер қорының (ҰДБ) шешуші рөлін атап өту қажет. Бұл шара сонымен қатар білім беру ұйымдарының базаға деректерді уақтылы және объективті толтырудағы жауапкершілігін арттырады, – деді Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.
Айта кетсек, жұмысты ОАМ, ҰЭМ, ЦДИАӨМ өкілдерінен құралған ведомствоаралық топ жүргізді. Білім беру ұйымдарының тізімі 2023 жылғы 25 желтоқсанға дейін Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің және Бас прокуратураның ресми сайттарында жарияланады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!