Елімізде 551 білім беру ұйымының басшысы ауысты. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта 551 директор ауысып, жаңа білім беру ұйымында жұмыс істеп жатыр. 2021 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың ақпанына дейін министрлік (Оқу-ағарту министрлігі) аудандық білім беру бөлімдері, облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалық білім басқармалары, мемлекеттік білім беру ұйымдары, дербес кәсіби одақтар бірінші басшылары үшін бұйрық нормаларын түсіндіру бойынша кең ауқымды жұмыс жүргізді», – деді Үкімет басшысының орынбасары жауабында.

Сонымен қатар оның айтуынша, білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттердің қатысуымен кеңестер ұйымдарылды. Мұнан бөлек, Оқу-ағарту министрлігі брифингілер өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында бірінші басшыларды ротациялау қажеттілігі мен тәртібі туралы сұхбаттар ұйымдастырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!