Қабылдау 20 шілдеге дейін жүргізіледі.
Бүгін еліміз бойынша ЖОО-да білім беру гранттарының конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау басталды. Қабылдау 20 шілдеге дейін жүргізіледі. Талапкерлер өтінішін онлайн да, офлайн да тапсыра алады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Биыл құжаттарды қабылдау еGov арқылы онлайн форматта немесе ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта жүзеге асырылады. Сонымен бірге ЖОО-да виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істейді. Құжаттарды қабылдау кез келген ЖОО (орналасқан жері бойынша) арқылы жүзеге асыруға болады.
Биыл бакалавриатқа түсу үшін 73 мың грант бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық гранттың 60%-ы техникалық мамандықтарға бөлінді. Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны – 18 744 грант. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 12 560 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 7 388 грант тиесілі. «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген. Сонымен қатар биыл халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Отандық ЖОО-ларға оқуға түсу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертификатын; 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом), № 075/у нысанындағы медициналық анықтама, ер жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігін тапсыру керек. Сонымен қатар жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар ұсынылады.
Білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!