Фото: Арман Мухатов – архив
Астана қаласында өткен педагогтердің тамыз форумында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үш ауысымды мектептердің мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бейсембаевтың айтуынша, елімізде инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Орта білім беру ұйымдарының желісі 137 мың оқушы орындық 165 мектепті пайдалануға беру есебінен ұлғайтылды. Осылайша былтыр 12 апатты және 29 үш ауысымды мектептің мәселелері шешілді. Инфрақұрылымдық проблемаларды одан әрі кезең-кезеңімен шешу үшін биыл 536 мың оқушы орнына арналған 302 мектеп құрылысы жүруде. Мұның көпшілігі «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынуда. Оның ішінде биыл елордамызда 42 мың орындық 23 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр, – деді министр педагогтерге арналған форумда.
Ведомство басшысы оқушыларға орын жетіспейтін 249 мектептің мәселесі қалай шешілетінін айтты.
Жалпы үш ауысымды мектептердің мәселесін жиі айтамыз. Бүгінгі таңда республика 106 ғана үш ауысымды мектеп бар. Соның 92 үш ауысымды мектебінің мәселесі биыл шешіледі. Сонымен қатар өңірлермен жоспарлы 1000 кабинеттің орнына артығымен 1383 пәндік кабинеттері сатып алынуда. Қазіргі уақытта барлық мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мақсатында 1731 Starlink спутниктері орнатылуда. Аталған шараларға орай мектептердегі сапалы интернет көрсеткіші айтарлықтай артты, – деді Оқу-ағарту министрі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!