Үздік студенттерді бір алаңға жинаған Infomatrix-Asia халықаралық байқауында түрлі инновациялық жобалар таныстырылды. Оқушылар арасында топ жарып, қазылар алқасынын көңілінен шыққан жобаның бірі – AgriMo. Қарапайым дрондардың механизмін жетілдіріп, фермерлердің мәселесін оңтайландыратын жоба аясында елордалық мектеп оқушыларынан құралған команда жұмыс істеген. Әңгімелесу барысында команда мүшесі Әлішер Орынбай «Жобаның басты мақсаты – соңғы технологиялар арқылы фермерлердің өмірін жеңілдету. Бірегей автономды агродрондар мен ақылды метеостанцияларды дамыту арқылы өсімдік аурулары және топырақтың деградация мәселелерін шешеміз» деді. Оқушының сөзінен кейін инновациялық жобалардың ауыл шаруашылығы саласына кіріккеніне қуандық.

Оқушылардың жетістігін естіп, жобаның ауқымдылығына көзіміз жетті. Олар Infomatrix- Asia конкурсынан бөлек WISE, ISIF, Tolyq Adam, Startup Battle Industry байқауларынан 5 млн теңгеден аса грант жеңген.
– Басты өнім – автономды агродрондар. Қарапайым дрон механизміне ауыл шаруашылығына қатысты AI модельдерін қосамыз. Агродрондар камера арқылы фермадағы барлық зиянкестер мен өсімдік ауруларын анықтап, автономды түрде қажетті бүріккіштер мен химиялық заттарды бүркиді. Яғни компьютерлік көру технологиясы да қосылған. Ол арқылы дрон барлық зиянкестер мен ауруларды таба алады. Сонымен қатар фермерлерге қажет метеостанцияларды құрастырамыз. Бұл метеостанциялар фермадағы жер және ауа жағдайын толықтай зерттеп, өсімдіктер үшін ең қолайлы жағдайлар орнату бойынша кеңес береді, – деді Әлішер.

Жоба ерекшеліктерінің бірі барлық өнімдерді команда толықтай қолдан жасайды. Құрылғыларға веб-сайт орнатылғандықтан фермер өнімдерін бақылай алады. Құрылғыны толыққанды іске қосу мақсатында Астана қаласындағы картоп және Қарағанды облысы, Соналы ауылындағы фермада тестілеу жұмысы жүргізілген. Айта кетейік, «AgriMo» – патенттелген жоба. Кейіпкеріміздің айтуынша, аталмыш жоба өсімдік шаруашылығына арналған. Болашақта агродрондарды жетілдіру арқылы мал шаруашылығында да қолдануға болады.

Ә.ЖАНАБІЛҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!