Енді жылына бір рет оқушылардың есірткіге тәуелділігі тексеріледі. Бұл процедура аясында мектеп оқушыларының ағзасында психикалық белсенді заттардың бар-жоғы анықталады. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнасының Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет жанындағы бірыңғай ведомствоаралық орталықтың базасында есірткі жөніндегі ұлттық ақпараттық жүйе құрылмақ. Онда Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық стандарттары негізінде деректер жиналып, талданады.
Ішкі істер министрлігі халықаралық ұйым ұсынған әдістемені басшылыққа алып, бірнеше көрсеткіш бойынша ұлттық зерттеулер жүргізеді. Бірыңғай ақпараттық жүйедегі талдау да тікелей осы көрсеткіштерге байланысты болады. Жоспарға сай, алдымен жалпы қазақстандықтардың есірткіні қолдану көрсеткіші нақтыланады.
Содан кейін жастардың қолдану деңгейі тексеріледі. 14-18 жас аралығындағы оқушылардың психикалық белсенді заттарды қолдануын бағалауға бағытталған. Жылына кемі бір рет тұрақты мониторинг жүргізу бастамасы да осы мәселеден шығып отыр. Бұл жұмыстарды алдын ала бекітілген жауапты орган үйлестіреді. Әрі жергілікті билік оқушылар мен қолайсыз отбасылардан шыққан жасөспірімдердің есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыруға күш салуға міндетті.
Бұл тұжырымдаманы Ішкі істер министрлігі әзірлеп отыр. Қаулы-жобасы 12 мамыр күні ашық талқылауға шығарылған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!