Фото: ашық дереккөзден

Жеке тектік қорлар облыстың тарихи, экономикалық, мәдени өмірінде елеулі орны бар тұлғалар есебінен толығады. Өмір тарихы насихаттауға тұрарлық, ел есінде сақталуға тиісті жеке азаматтардың құжаттары сарапталып, өңдеуден өткізіліп, архивке қабылданады.

«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің «Қоғамдық-саяси тарихы архиві» филиалы қорындағы «Сыр елінің ғалымдары» қор коллекциясының жеке тектік қор иесі, Қазақстан Халық ағарту ісінің үздігі, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің академиялық профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Әмірбек Тоқбергенов 1934 жылы 15 мамырда Сырдария ауданы Шаған ауылында дүниеге келген. Әкесі Тоқберген Толыбаев Жамбыл колхозының (қазіргі Шаған ауылы) мүшесі, ал анасы Ұрхия Қабылшаева 1928- 1943 жылдары колхозда мүше болған. 1951-1952 жылдары Қызылордадағы «1 Мамыр» атындағы орта мектепті бітіріп, 1954-1955 жылдары Алматы қаласындағы шетел тілдері институтының ағылшын тілі факультетінің ағылшын тілі мамандығы бойынша бітіріп шыққан.

Еңбек жолын 1955 жылдан Қызылорда қаласындағы П.Д.Осипенко мектебінде бастаған ол 1957-1961 жылдары 1 Мамыр мектебінде және осы 8 жылда педагогикалық және медицина училищелерінде ағылшын тілінен сабақ берген. 1961-1968 жылдары Ю.Гагарин атындағы мектеп- интернатта, 1968 жылдан бері Қызылорда педагогикалық институтында педагогика және психология, шетел тілдері кафедрасында оқытушы қызметін атқарған. 1970 жылы қыркүйек айында Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми зерттеу институтының жанындағы аспирантураға оқуға түсіп, 1973 жылы бітірген.

Саналы ғұмырының салтанаты, межелі мінбелерінің әр сағаты, бақытының баяндысы, еңбегінің есесі мен көрегенділіктің көшесін ұстаздық қызметтен тапқан. Өмір жолы өнегелі, асқақ арманды асыл ағамыз ілім-ғылымның шырқау көгіне шарықтай көтеріліп, 1974 жылы кандидаттық диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды. 1977 жылы шетел тілдері кафедрасы бойынша (оқыту әдістемесі курсы) доцент атағы берілді және факультет аралық шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі қызметін 1988 жылға дейін атқарды. 1988-2003 жылдары педагогика және бастауыш оқыту методикасы, педагогика және психология кафедраларында еңбек етті. Осы жылдарда тек шетел тілдері бойынша білім жетілдіру курстары (Алматы, Горький қалалары) семинар-кеңестер (Пятигорск қаласы) ғана емес, Бүкілодақтық Білім қоғамы өткізген ғылыми-практикалық конференцияларға (Калуга қаласында, Москва қаласында, Душанбе қаласында) республикалық ғылыми-практикалық конференцияларға (Шымкент, Павлодар, Түркістан қалалары) қатысқан. Дайындаған баяндамалары жоғары бағаланып, 1977 жылы Бүкілодақтық «Білім» қоғамының «Құрмет» грамотасы, 1987 жылы «Ыбырай Алтынсарин» атындағы медалі, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісі, халық депутаттары Қызылорда облыстық Кеңесінің атқару комитетінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. 1969 жылдан бастап жастарға тәрбие беру тиімділігін арттыру мен педагогика тақырыбы бойынша республикалық, облыстық мерзімді баспасөздерде мақалалар жариялады. Университеттің «Жаршы» ғылыми бюллетенінде 2001- 2003 жылдары оқу-тәрбие үрдісіндегі инновациялық технология мәселелері бойынша мақалалары жарияланды. Жастарға тәрбие беру тиімділігін арттыру мен оқу-тәрбие үрдісіндегі инновациялық технология мәселелері бойынша республикалық, облыстық, мерзімдік баспасөзден көрінбей қалатын сәті сирек салауатты Әмірбек ағаға 1997 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесінің шешімімен академиялық дәрежесі профессор атағы берілді.

«Өмірінің соңғы жылдарында да педагогика және бастауыш оқыту методикасы, педагогика және психология кафедрасында дәріс оқып, кейінгі толқынның кемел келешегіне бағдар берді. Әбекең мәнерлі сөз, өрнекті өлеңге құмар ақынжанды азамат еді. Әңгіме арасында әлем классиктері шығармасымен қатар Абай мен Шәкәрімнің философиялық ой оралымдарын ортаға салып, Мұқағалидің мұң-жырын жүрек көзімен көре білетін» деп әріптестері еске алғанын архив құжаттарынан көруге болады.

Ғұмыр-ғибратын, парасат-пайымын жас буын игілігіне арнаған ағарту саласының ардагері, абзал ағаның асыл бейнесін еске алуды парыз санадық. Адал да үлкен жүректі, қадірменді ұстаз бола білген Әмірбек Тоқбергенов өмірден өткенімен, өнегелі өмірі, ұстаздық бейнесі халықтың жадында сақтала бермек.

А.ҰЗАҚБАЕВА,
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ
«Қоғамдық-саяси тарихы архиві» филиалының жоғары
санатты архиви
сі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!