Фото: ашық дереккөзден алынды

Оқу жылының аяқталуына сәл қалды. Иә, демалыстың ауылы алыс емес. Оған оқушылар да дән риза. Десе де 11 сынып оқушылары үшін үшін бұл кезеңнің жүгі бөлек. Қуанышпен қатар қимастық, үмітпен қатар қорқыныш та бар. Себебі дәл осы күндері ҰБТ басталды.

Дегенмен ҰБТ-ны үрейге айналдырудың қажеті жоқ. Ол алынбайтын асу емес. Керісінше, табандылық пен жүйелі еңбектің нәтижесін көрсететін, еңсере алатын шың.

Мысалы біздің бүгінгі кейіпкеріміз Шапағат Махаш ақылы бөлімге түсуге жарамды екі ҰБТ нәтижесінде де рекордтық көрсеткіш көрсетті Ол қаңтар айында тапсырған тестілеуде мүмкін болған 140 балдың 138, ал наурыз айында 139 балл жинады. Қызылордалық жас түлекпен әңгімелесудің сәті түскенде, біз де сауал жолдап үлгердік.

Еңбек еткеннің еңсесі биік

Иә, барлық жетістіктің артында қажымас қайрат пен үлкен еңбек бар. Шапағат Шақдатқызының жоғары нәтижеге жетуі − өз дегенінен қайтпайтын мінезі мен еңбекқорлығының жемісі десек қателеспейміз. Оның айтуынша, маңызды тестке 2 жыл дайындалған. Алғашқы уақытта IELTS, кейін 3 пәнге басымдық берген. Ал Шапағат үшін ҰБТ − мүмкіндік.

− ҰБТ − болашаққа үлкен мүмкіндік. Өйткені бұл тест арқылы біздің қай жерде және қандай білім алатынымыз шешіледі. Сапалы білім, дұрыс университет пен жақсы ортаға қол жеткізу үшін жоғары балл жинау, әрине, маңызды, − деп сөз бастады Шапағат.

Ал рекорд орнатуы бақ па, әлде бап па? Кейіпкеріміздің өзі қалай ойлайды екен?


− Әрине, ҰБТ-да ғана емес, жалпы өмірдегі жетістіктерде де бақ пен баптың қатар жүргені дұрыс деп есептеймін. Бұйырған кетпейді. Қаншама жоғары балл аламын деп дайындалсам да, Құдайдың жазғанынан артық ештеңе ала алмаймын. Бірақ қол қусырып отыруға да болмайтынын естен шығармаған жөн. Талпынып, еңбек етіп, ниетің түзу болса − түбінде жетесің. Ал бұл нәтиже соның
дәлелі деп ойлаймын. Бақ пен еңбегім қатар келді.
Ата-анамның қолдауынсыз бұл нәтижеге жету мүмкін болмайтын еді. Олар үнемі қолдап, рухани әлсіреген сәттерде түсініп, жағдайымды жасады. Үй шаруасына араластырмай, барынша білім алуыма мүмкіндік берді. Ең маңызды қолдау − ҰБТ-дан кейін. Сол кезде әкемнің қолдауы, анамның жұбату сөздері маған өте қажет болды, – дейді ол.

Еңбек еткеннің еңсесі биік

Ұстаздың да рөлі зор. Шапағат мектебіндегі дүниежүзі тарихы пәнінен сабақ беретін Айбар және математикалық сауаттылық пәнінің мұғалімі Мақсат ағайларына рақмет айтқысы келеді. Себебі оқушының жетістігінің артында ұстаз тұрады. Айтуынша, екі ұстаздың оқыту әдісі ерекше.

Әңгіме барысында Шапағаттан замандастарына кеңес сұрадық.


− Уақытты босқа жібермеу қажет, әсіресе 11 сыныпқа дейінгі жаз мезгілін тиімді пайдалану керек. Бір ай ішінде Қазақстан тарихы мен бейіндік пәндерді қайталап шықса, кейін есте сақтауға да оңай болады. Ал тест кезінде бірінші белгілеген жауапты көп өзгертпеу керек. Себебі көбіне алғашқы белгілеген жауап дұрыс болып шығады. Білімге, оқуға жақын болып, әрқашан ізденіп жүруге кеңес беремін. Білім − өзіңе жасаған ең жақсы инвестиция, – деп нақтылады ол.


Армансыз адам − қанатсыз құспен тең. Әр адамның алға жетелейтін үлкен арманы болу керек.

− Иә, арманым көп. Дегенмен, арманды ашық айтуға болмайды деген жеке ұстанымым бар. Бірақ болашақта еліме пайдасы тиетін азамат болғым келеді, − дейді Шапағат.


Мектеп табалдырығынан аттағалы тұрған жас түлектерге сәттілік тілейміз!


Ақмаржан АМАНГЕЛДІ,
Әбубәкір Тыныбаев атындағы
No11 мектеп-лицейінің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!