Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі қос қуанышты қатар атап өтті. Биыл қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың дүниеге келгеніне 100 жыл толса, оқу орнының іргетасы қаланғанына – 90 жыл. Қызылорда қаласында айтулы күн қарсаңында бірқатар шара ұйымдастырылып, сырбойылықтар маңызды датаны атап өтті.
Мәншүк Мәметова ескерткішіне тағзым жасаудан бастау алған салтанатты шара оқу орнында жалғасты. Облысқа арнайы жұмыс сапарымен келген Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде болып, ұстаздар мен шәкірттерді мерейтоймен құттықтады. Сонымен қатар вице-министр колледждің материалдық-техникалық базасымен танысып, «Білім шамшырағы» атты кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысты. Мәртебелі мейман «Дуалды оқыту алаңы», «Білім нұры» атты педагогикалық сабақтастық галереясы мен «Құзіреттілік орталығы», «Көркем еңбек» шеберханасындағы кіріктірілген сабақтарға да шолу жасады.
– Батыр есімін иеленген Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі бүгінде білікті педагог мамандар даярлайтын облыстағы іргелі білім шаңырағына айналды. Ғасырға жуық тарихында бұл оқу орнын мыңдаған шәкірт бітірді. Оның ішінде саналы ғұмырын еліміздің ағарту саласына арнаған, 2000-жылдары Білім және ғылым министрі болған Шәмша Беркімбаеваның осы оқу орнының түлегі екенін зор мақтанышпен айтуға болады. Бүгін, міне, алдымызда тұрған студенттеріміз де ертең үлкен өмірге жолдама алып, еліміздің жарқын болашағы үшін еңбек етеді. Осы игілікті сапарда барлық студент жастарға табыс тілеймін, – деді Шолпан Танатқызы.
Жоспарлы мерейтой «Жастық жалынымыз – сүйікті Отанымызға!» атты республикалық патриоттық жастар форумымен жалғасты. Шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақстан Халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи мен ардагер ұстаздар қатысты. Форумға келушілер көптеген интеллектуалды сайыста топ жарған жастармен танысып, зерделі оқушылардың маңызды жобаларына министрлік тарапынан қол дау болатынын сүйіншіледі. Сондай-ақ колледждің «ТОП – 100 студент» байқауының жеңімпазы Биназир Алиханқызы Мәншүк Мәметова атындағы арнайы стипендияны еншіледі.
Оқу орнындағы вице-министрдің назарын аударған бастаманың бірі – колледждің бітіруші курс студенті Руслан Бақбергеновтың үйден оқитын балаларға арналған «Виртуалды шындық» жобасы. Идеяның мәні – ерекше оқуды қажет ететін оқушылар сыныптастарымен бірге бір сыныпта отырғандай сезінуін және достарымен тығыз байланыста болуын қамтамасыз ету. Бастаманың гуманды құндылығын жоғары бағалаған аймақ басшысы да жобаны назарға алатынын жеткізді.
– Жастарға қатысты қандай мәселе болсын, назарымнан тыс қалмайды. Жастар қашан да еркін ой мен тың идеялардың бастамашысы. Олармен жүздесіп, ой бөлісетін әрбір кездесудің маңызы мен үшін ерекше. Биыл облыс әкімінің халықтың әлеуметтік осал және көпбалалы отбасыларына арналған гранты екі есе артып, 200-ге жетті. Кәсіпкерлікпен айналысамын дейтін жастардың жобаларына облыстық бюджеттен 70 млн теңге бөлінді. Мұнан бөлек, спортпен шұғылдануға да жағдай жасалуда. Тек қала, аудан орталықтарында ғана емес, ауылдық жерлерде де спорт нысандарының саны артып келеді, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Қос мерейтойдың түйіні Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында қорытындыланды. Мұнда А.Мәметова мен Т.Әліпқалидың «Мәңгілікке маздаған қыршын ғұмыр» кітабының желісімен қойылған «Моншақ» мюзиклі көрерменге жол тартты. Қойылымда ерлікпен жан тапсырған қазақтың батыр қызы – Мәншүктің бойындағы ізгі қасиеттер, Отанға деген сүйіспеншілік сезімі бүкпесіз жеткізілген.
Небары 21 жасында дүниеден өткен Мәншүк Мәметовның 100 жылдық мерейтойы мен іргелі оқу орнының 90 жылдық айтулы мерекесі осылай түйінделді. Өңірдегі талай жастың талантын ашып, білім нәрімен сусындатқан колледждің алдағы алар асуы әлі мол екеніне күмән жоқ. Оған оқу орнының қайсарлық пен батылдықтың символына айналған Мәншүктің есімін иеленуі де елеулі себеп болары анық.
Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!