ҚР Қорғанысминінің Әскери-патриоттық орталығында «Ерлікке жетелеген жол» кітабының тұсаукесері өтті.
ҰҚК Шекара қызметі басшылығының бастамасымен дайындалған басылым 8 жыл бойы тәжік-ауған шекарасында ТМД-ның оңтүстік шебін қорғау бойынша өз әскери борышын атқарған Қазақстанның жиынтық атқыштар батальонының әскери қызметшілеріне арналған.

«Ерлікке жетелеген жол» кітабының тұсаукесері өтті


Бұл кітапта ардагерлер «қақтығыс нүктелерінде» жинақтаған тәжірибелерімен бөлісіп, қызмет ауыртпалықтары, содырлармен шайқастар және жауынгерлік бауырластық туралы әңгімелейді. Басылым көпшілік оқырман үшін арналған.
1993 жылғы маусым мен 2001 жылғы ақпан аралығында
ТМД-ның оңтүстік шебін қорғауға Қазақстаннан он мыңнан артық жауынгер қатысты. Олар Қазақстанның алғашқы бітімгершілері болды.
Кітап тұсаукесерін өткізу күні кездейсоқ таңдалған жоқ. Қазақстан тарихында қалған осы бір күні, 1995 жылғы 7 сәуірде қазақстандық жауынгерлер тәжік-ауған шекарасында қайтпас қайсарлық, батылдық пен ерлік танытты. Қазақстандық бітімгерлер содырлармен тең емес шайқасқа түсті, онда ІІМ Ішкі әскерлерінің 7-ротасынан 17 әскери қызметші қаза тапты, 33 түрлі жарақат алды. 7 сәуір ҚР Ұлттық ұланда еске алу және ерлік күні болып саналады.
Салтанатты іс-шара тәжік-ауған шекарасындағы ұрыста қаза тапқан 17 жауынгерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды.
ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи мұражайында көрме ұйымдастырылып, оған тәжік-ауған шекарасында ұрыс іс-қимылдарына қатысқан әскери қызметшілердің жеке заттары мен мұрағат құжаттары қойылды.
Іс-шара Шекара қызметі ансамблінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық ансамблі мен Орталық әскери оркестрінің әртістері қатысқан концертпен аяқталды.

ҰҚК баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!