Теміртау балабақшаларының бірінде медбике мен күтуші арасында төбелес шықты. Оқиға видеоға түсіп, желіде тараған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желіде пайда болған видеоның сипаттамасында жанжал Әдемі балабақшасында болғаны айтылған.

«30 қаңтарда төтенше жағдай болды. Медбике тәрбиешінің көмекшісмен балалардың көзінше ұятсыз сөздер айтып жанжалдасты. Тіпті төбелесе басталды. Балалар бұл оқиғаны үйге келген соң айтып берді. Олар медицина қызметкерінен қорқады. Мұндай жанжал балалардың психикасына айтарлықтай әсер еткен», – делінген видеоның сипаттамасында.

Сонымен қатар жазбада медбикенің ата-аналардан арыз түскен күні  еңбек демалысына кеткені айтылған. Мәліметтерге сай медбике өзге де орындарда өзін қызуқанды ұстап жанжалдасып жүреді екен. Балабақшадағы оқиғада ол есікті сындырған. Ал ата-аналар мұндай адамның балаларға да зияны тиеді ме деп қорқатындарын айтады. Үстінен арыз түссе де бір қызығы оны жұмыстан босатпаған. 

Теміртау қаласының білім бөлімі видеоға қатысты бұл мәселе бойынша тергеу жүріп жатқанын алға тартты.

«Әдемі” балабақшасының әкімшілігі полиция бөліміне әкімшілік құқықбұзушылық бойынша іс қозғау туралы арызбен жүгінді. Бұл мәселе Теміртау қалалық білім бөлімінің қатаң бақылауына алынды», – деп хабарлады ведомство.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!