Фото: Азертадж
Финляндияның қауіпсіздік қызметі (Supo) негізгі білім беру лицензиясы жоқ үй мектептерінің санының өсуін және ондай мектептерде оқитын балалардың санын тіркеп отыр. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ хабарлады, деп жазады KAZINFORM.
Ведомство мәліметі бойынша, кейбір мектепте ондаған оқушылар білім алады, бұл алаңдаушылық туғызады.
Supo пікірінше, заңсыз жеке мектептер білімдегі теңсіздік пен әлеуметтік сегрегацияға, сондай-ақ балалардың діни немесе идеологиялық радикализациясына әкелуі мүмкін. Мұндай бастамалардың артында көбінесе фундаменталистік, ультраконсервативтік немесе экстремистік топтар тұрғаны айтылады.
2018 жылдан кейін Финляндияда үйде оқитын балалар саны күрт өсті және 2024 жылы шамамен 950 адамға жетті. Үйде оқуға көшу үшін биліктен рұқсат алу қажет емес, ата-ананың өтініші жеткілікті, алайда бұл заңсыз мектептерді құруға жағдай жасайды.
Үйде оқыту жағдайларының жиілеуі Аланд аралдарында айқын байқалады, мұнда швед отбастары белсенді қоныс аударып жатқан көрінеді. 2024 жылғы көктемде Аландтағы үйде білім алатын оқушыларының 95%-ы Швециядан көшіп келгендер болған. Қатаң швед шектеулерін айналып өту мүмкіндігі ультраоңшыл топтарды да тартып отыр. Жаңа келгендер арасында экстремистік қозғалыспен байланысы бар отбасы және неонацистік Nordisk styrka ұйымының жетекшісі бар.
Supo жағдайды қауіпті деп бағалап, жеке және үй форматындағы оқытуды бақылау шараларын қатаңдату қажеттігін атап өтті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!