Фото: Kazinform

KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы талқыланып жатыр. 

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бұл заң жобасы Мәжіліс пен Сенат депутаттарының бастамасымен әзірленген. Оның басты мақсаты – ғылым мен білім саласындағы заңнаманы жетілдіру.

«Жобамызда Мемлекет басшысының осы бағыттарды дамыту үшін берген біршама тапсырмасы да қамтылып отыр. Бірінші – ғалымдар үшін жаңа үсемеақылар енгізу. Қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу институттарда немесе университеттерде істейтін ғалымдарымыз PhD, ғылым докторы, ғылым кандидаттары сияқты ғылыми дәрежелері үшін ай сайын жалақысына қосымша үстемеақы алады. Ол баяғыдан бекітілген норма. Енді оларға профессор немесе доцент сияқты ғылыми атақтары үшін жалақысына қосымша ақы беру осы заң жобасында ұсынылып отыр. Мысалы, PhD, ғылым кандидаты қазір ай сайынғы жалақысына аталған ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңгеге жуық үстемеақы алады. Енді оған доцент деген ғылыми атағы үшін тағы 30 мың теңгеге жуық үстемеақы қосылады. Яғни ай сайын 92 мың теңгені айлығына қосымша үстемеақы ретінде алуға мүмкіндік беріледі. Ал енді ол ғылым докторы болса және қазіргі уақытта 130 мың теңгеге жуық үстемеақы алып отырса, онда ол бұл заң қабылданғаннан кейін профессор атағы үшін тағы да қосымша 60 мың теңгеге жуық үстемеақы алады. Барлығын қосқанда 190 мыңға жуық үстемеақы жалақысына қосылады. Бұл ғалымдарымыздың қолдаудың маңызды тетігі деп санаймыз», – деді ол.

Оның атап өтуінше, мұнан бөлек заң жобасында жетекші ғалымдарымыз ғылыми-зерттеу институтында немесе университетте 5 жылдан астам жұмыс істесе, онда оларға 1 жылға дейін шығармашылық демалыс беру көзделген. Сонымен қатар осы уақыттың ішінде олар ай сайын орташа жалақы алып отырады.

«Бір жылдың ішінде ғалымдарымыз монографияларын шығаруға, ғылыми зерттеу жұмысын аяқтауға және мақалаларын шығаруға үлкен мүмкіндік алады», – деді депутат.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!