Өркениетті қоғамның ұстыны – кітапхана. Білім-ғылымның бастауына айналған кітапқа құмарлық адамзатты сана биігіне көтеріп, озық технология мен рухани жаңалықтың игілігін сезінуге жетеледі. Сондықтан кітапхана мен кітаптың қадірі қашанда жоғары. Бүгінде осынау маңызды мекен – кітапханада еңбек етіп, оқырманға жол сілтейтін мамандардың маңызы артуда. А.С.Пушкин атындағы кітапхана қызметкері Мақпал Кенжебаева да аймақ тұрғындарын кітап оқуға баулуға өз үлесін қосып келеді.
– Мақпал Асанханқызы, кітап оқу мәселесі жиі көтерілетін тақырыпқа айналды. Сіздің пікіріңізше, кітапты тұрақты оқу дағдысын қалай қалыптастырған дұрыс?
– Кітап оқу қабілеті адамның мінезі секілді. Оның жүйелі машық арқылы қалыптастыруға болады. Екіншіден, бұл отбасы, достар арасында қалыптасу керек құбылыс. Яғни, оқыған қызықты кітапты талқылау, насихаттау өзгелерді де кітап оқуға итермелейді. Кітап оқу мәдениеті әрбір отбасында қалыптасса, сонда оқитын ұлтқа айналар едік. Кітап оқуды әдет қылып қалыптастыру үшін күніне 10 минуттан 30 минутқа дейін уақыт бөлген жөн. Смартфонға үңілмей, жарты сағат миды демалдыру үшін және рухани ләззат алу мақсатында кітап оқу керек. Одан кейін оның пайдасын жиі айтатын кітапхаларда өтетін мәдени шаралар, кітап клубтары секілді жерлерге көп барған пайдалы. Тіпті, кітап клубтарына барып жүріп-ақ кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға болады.
– Баланы қанша жастан баулыған жөн? Әсіресе, қазақшаға тілі шорқақ балаларды қалай кітапқа қызықтыра аламыз?
– Орынды сауал. Бұл сауалға түрлі жауап бар. Бірақ маңыздысы – үздіксіз үйрету. Жалпы баланы естияр шақтан бастап кітап оқуға баулиды. Мәселен, қызықты ертегі кітаптар, суретті кітаптар және тәрбиелік маңызы зор кітаптарды оқыту нәтиже бермек. Бізде ауыз әдебиеті өте жақсы дамыған. Жыр, дастан, жаңылтпаш, қисса, аңыз, хикаят, ана әлдиінің өзі кітап оқытуға көмекші құрал. Мұны халқымыз ауыз әдебиетіне қанығып өскен буынның зияткерлік қабілетінен аңғару қиын емес. Қазіргі таңда сол қисса, әңгімелерді кітаптан оқып беруге болады.
Сондықтан бала ес білген шақтан бастап құлағына ақырын-ақырын құя беру керек. Кейін бала белгілі бір жасқа жеткен кезде кітапты қолына алып оқи бастайды. Кішкентай күнінен дағдыланған бала кітапқа жақын болады. Шекспирдің бір сөзі есіме түсіп отыр. Ол «Мен бос уақытымда кітап оқымаймын, мен кітап оқуға арнайы уақыт бөлемін» дейді.
– Өзіңіз айына қанша кітап оқисыз?
– Әрине, уақыт ыңғайына қарай үзбей оқуға тырысамын. Айына кейде 3-4 кітап оқимын. Қолыма алған кітапты барынша сіңіруге, қалауымдағы кітапты толық түсінуге күш саламын. Кейде қай автор қандай кітап жазып жүргенінен хабардар болу үшін ақпараттық-танымдық дүниелерді де оқимын. Жалпы, мамандығымыз кітапқа жақын болғасын, бұл ретте олқылық жоқ.
– Оқырман кітапты қалай таңдаған жөн?
– Оқырманның талғамы әртүрлі. Әр адамның өзіне жақын кітап болады. Біреу тарихи романды ұнатса, біреу ысқақ-әңгіме, детективке жақын. Мысалы, маған тарихи романдарды оқыған ұнайды. Сондықтан, кітап дүкендері, үлкен кітапханаларға келіп кітап таңдаған дұрыс болады. Расында, кітап оқу үлкен қабілет. Сол қабілетке қарай өзінің таңдап оқитын жанры болады. Кітап оқуды оқырманның талғамына салған жөн. Тек қана бір жанрға үйренген, соны оқитын адамдар болады. Мен кітапханашы, ата-ана, оқырман ретінде айтарым, ең бірінші көркем әдебиет оқу керек. Ауыз әдебиетімен сусындаған бала ертегі, дастан, аңыз, қиссаларды оқығаннан кейін бағыт-бағдар, талғам қалыптасады. Ол баланың қиялын дамытады. «Қыран жетпеген жерге қиял жетеді» дегендей, жалпы зерттеулер бойынша көркем әдебиет оқыған баладан креативті дүниелер шығады. Ғылыми-фантастика оқыған балалар ғылыми жаңалықтар ашады.
– Қазір кітап оқығаннан телефонға телмірген адам көп. Осы ретте, кітапқа деген ынтаны қалай арттыра аламыз? Қандай өзгеріс жасау қажет?
– Бұл бағытта өскелең ұрпақты кітап оқуға баулу мақсатында олармен еркін форматта шараларды көп өткізу қажет. Мысалы, «Мен көп оқимын, көп білемін» атты оқу марафоны, «Оқы да өзгеге ұсын», «Кофе және кітап» атты шаралар – аталған мәселені шешуге арналған сәтті қадам.
Дегенмен, мәселеге екіжақты қараған орынды сынды. Бүгінде телефонға телмірген адам көп деп жатамыз. Бірақ өткен ғасырда барлық адам жүз пайыз кітап оқыды деп айта алмаймыз. Кітапты құр шығарып, жинап қоймай, қоғам болып айналысуымыз керек. Қызығушылық тудыру керек. Бізде кітапханада түрлі шаралар, конкурстар өтеді. Демеуші тауып, конкурстар өткіземіз, кітап сыйлаймыз. Қазір әлеуметтік желіде блогерлер кітап оқығаны үшін ақша төлеп жатады. Бірақ ұлттық деңгейде өзгеріс жасау керек. Телефонға үңілген адамның көбеюін мектеп пен кітапханаға тіреп қоюға болмайды. Отбасында бір нәрсе өзгермей, қоғам өзгереді дей алмаймыз.
– Миға трансформация жасағысы келетіндердің көбі психологиялық кітаптарды іздейді. Осы ретте қазақшаға тәржімалаған қандай кітаптарға сұраныс басым деп едіңіз?
– Оқырман нақты психолог маман жазған кітапты оқу керек. Қазір аудармалар да көбейіп кетті. Кітапханада сүзгіден өткен арнайы психологиялық кітаптар бөлімі бар. Менде ақпарат үшін шетелдік ағартушылардың еңбегін қараймын. Бірақ қазақтың психологиясына, ұлттық кодымызға көп жағдайда сәйкес келмей жатады. Сондықтан, нағыз маман жазған кітапты оқу керек. Миға трансформация жасау үшін Абай, Шәкәріммен танысу да септігін тигізеді. Өзіміздің психологиямызға жақын дүниені оқығанымыз ұрыс деп ойламын.
Ал А.С.Пушкин атындағы кітапханаға келер болсақ, мұнда оқырман Ф.Бизақованың «Отбасылық дағдарыс психологиясы», Д.Карнегидің «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері», С.Мырзабайдың «Балалықтан даналыққа» атты кітабын көп оқиды.
– Кітап оқуды үйрету үшін оның әдісін, форматын да өзгерту керек шығар…
– Дұрыс айтасыз. Оған бірнеше әдіс қажет. Біріншіден шараларды еркін форматта өткізу керек деп ойлаймын. Мен өзім кітапханашы ретінде шын кітап оқитын өскелең ұрпаққа ұялы телефонның кедергі болмайтынына сенемін және болашақта білімнің көзі кітап болатынын айта аламын.
Екіншіден, кітапханада өтетін әдеби кештердің форматын ауыстыру қажет. Сондай-ақ, жаңадан шыққан кітапқа кәсіби деңгейде рецензия берілуі керек. Жалпы, шығарма насихатталып, оқырман іздеп оқитындай кештерді өткізу керек. Біздің ұжым да осы бастаманы құптап, кештердің форматын өзгертіп, кітаптарды насихаттаудың тың әдісін табуға құмармыз.
Оған қоса ғалым, ақын-жазушы секілді зиялы қауыммен де байланыс орнату назарға алынған. Олай дейтініміз, ғылым-білім кітапханада ғана дамиды. Алтыннан қымбат кітап осында екенін ескерсек, өркениеттің бастауы да кітапхана екені мәлім. Себебі, «Жер бетіндегі жүрегі бар жалғыз үй – кітапхана».
Сұхбаттасқан
Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!