Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова 12 сәуір – ғылым саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Ғылым қашанда жарқын жетістіктерге жол ашады. Бүгінде еліміз білім мен ғылым саласындағы ізденістер нәтижесінде жаңа деңгейге көтерілді. Инновациялық жобалар мен жас ғалымдарды қолдау жұмыстары да қарқын алды.
Ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру соңғы екі жылда 2 есеге өсті. Егер бұрын гранттық қаржыландыру конкурсы 3 жылда 1 рет өткізілсе, 2021 жылы 6 конкурс өткізілді. Бұл өз кезегінде университеттің ғылыми жобаларын қаржыландыру деңгейінің елеулі түрде өсуіне әкелді. Соның нәтижесінде өңірдің экологиялық мәселелерін шешуге арналған, әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Айталық, өңірдің авифаунасы зерттелді. Lilos F1 қызанақ буданын өсірудің инновациялық технологиясын қолдану бойынша Арал өңірінің фермерлік жылыжай шаруашылықтарына енгізуге ұсыным берілді. Мектеп оқушыларына арналған «HomeCasуе» мобильді қосымшасы жасалды. Сонымен қатар, шетелдік кітапханалар мен мұрағаттар қорынан М.Шоқайдың қолжазбалары мен мақалалары жинақталды әрі тікелей түпнұсқасы негізге алынып, осы күнге дейін аударылмаған мақалалары алғаш рет қазақ тіліне аударылды. Египет Араб Республикасындағы Дарул-Кутуб кітапханасының қолжазбалар қорынан ғылымда осы күнге дейін айтылмаған «Китаб муқаддима» қолжазбасының мысырлық нұсқасы табылып, сандық көшірмесі жасалды.
Бүгінде университеттегі жас ғалымдар ауылшаруашылығы саласы бойынша тың зерттеулер жүргізуде.
Білімі мен қабілетін ел игілігіне арнаған әрбір ғалым – біздің мақтанышымыз. Сіздердің зерттеулеріңіз елдің тұрмыс сапасын жақсартып, адамдардың әл-ауқатын арттыра бермек.
Әрбір бастамаларыңызға табыс, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілеймін!»-деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!