Елордада 10-шы рет ұйымдастырылған «Халық сүйіктісі» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыйлық идеясының авторы, «Республика-Аймақ-Даму» қоғамдық қорының президенті Ғалым Байтоқтың айтуынша, әділқазы алқасы құрамында спортшы Бақтияр Артаев, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният, Экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрағасы Айгүл Соловьева, қоғам қайраткері Ирак Елекеев болған.

«Бірден айтайын, мерейтойлық оныншы марапат кешін анағұрлым кеңірек атап өту жоспарланып еді. Бірақ, пандемия жағдайында бірқатар шектеулер болды. Барлық уақытта біздің негізгі қағидаларымыз – адалдық, ашықтық және әділдік болып қала береді. Биылғы іріктеу де әдеттегідей қазылардың өте қатал сынынан өтті», – деді Ғалым Байтоқ «Rixos Astana» қонақүйінде өткен марапаттау рәсімінде.

Сонымен бірге, Ғалым Байтоқ кейбір аталымдарда бірдей дауыс жинаған екі жеңімпаздың да қатар марапатталғанын жеткізді. Ең алдымен марапат кешінде COVID-19 вирусына қарсы күрескен медицина мамандары мен еріктілерге жүлде табысталды.

Осылайша, «Жылдың үздік дәрігері» аталымында Қызылорда облыстық инфекциялық аурулар ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі Болат Асанбаевқа берілді.

«Жылдың үздік медбикесі» жүлдесі Маңғыстау облыстық ауруханасының аға медбикесі Айнұр Батырбековаға, «Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің үздік қызметкері» жүлдесі – Ақмола облысы Бурабай аудандық басқармасының басшысы Сералы Жолдасбаевқа табысталды.

«Үздік медициналық стационар» жүлдесін Қарағанды облысындағы профессор Х. Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана ұжымы жеңіп алды. Марапатты аурухана директоры Еркін-Дәуір Құрманғалиев алды.

Пандемия кезінде халыққа көмек көрсеткен ерікті, «Я Алматинец» тобының мүшесі Саида Тәуекеловаға «Жылдың үздік еріктісі» жүлдесі берілді. Саида Тәуекелова пандемия кезінде қауіп-қатерге қарамастан, халыққа көмектескен әрбір волонтерге алғыс айтты.

Сондай-ақ, пандемия кезеңінде қоғамдық жұмысқа үлес қосқан Ержан Жанатаров пен Рафаэль Гасановқа «Халық сүйіктісі» мүсіншелері берілді.

Ал «Экологиялық мәселелерді шешкені үшін» – қалдықтарды өңдеумен айналысатын «РОП операторы» ЖШС марапатталды.

«Үздік парламентарий» жүлдесі ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинге берілді.

«Жылдың үздік мәдениет қайраткері» сыйлығын Қазақстанның өнер қайраткері әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген алды.

Әділқазылардың бірауыздан берген шешімімен «Алтын дәуір» Құрметті номинациясына музыкалық педагог, профессор, Қазақ КСР Халық әртісі Кесоглу Лаки Константинович ие болды. Сонымен бірге, «Алтын дәуір» сыйлығы қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова мен Мәжіліс депутаты Серік Сейдумановқа берілді.

«Жылдың үздік қоғам қайраткері» аталымында белгілі волонтер Гүлмира Әбдіраш озық атанды.

«Жылдың үздік мұғалімі» жүлдесі шамалас дауыс жинаған екі мұғалімге берілді. Олар – Нұр-Сұлтан қаласының №17 мектеп-гимназиясының география пәнінің мұғалімі Төлеген Әбдірайысов және флейта оқытушысы, Қазақ ұлттық өнер университетінің үрмелі және ұрмалы аспаптар кафедрасының доценті Нина Григорьева.

«Блогсфера көшбасшысы» жүлдесін де бірдей дауыс жинаған Насима Қорғанбекова мен Қазбек Майгелдинов алды.

«Жылдың үздік публицисі» аталымында журналист, публицист Михаил Козачков жеңіске жетті, ал Azattyq Rýhy – «Жылдың үздік интернет басылымы» атанды.

«Жылдың үздік бизнесі» – Нұр-Сұлтан қаласында санитарлық қызмет, дезинфекция қызметін көрсететін «ORKIN» ЖШС Талғат Дүйсековке берілді.

«Жыл меценаты» жүлдесі де қызылордалық «Жан-Арай» ЖШС директоры Бақдәулет Мақашов пен ақтөбелік «Кайр БД» ЖШС директоры Бауыржан Дінтаевқа табысталды.

UFC-дегі қазақстандық файтер Шафкат Рахмонов «Жылдың үздік спортшысы» аталымында халықтың сүйіктісі атанды.

Сонымен бірге, «Тиолайн» ЖШС қауіпсіздік қызметкері Жанболат Дондағұлов кәсіпорынды басқыншылардан қорғағаны үшін «Батыл жүрек» сыйлығымен марапатталды. Сот істеріне байланысты жүлдені Жанболаттың орнына адвокаты алды.

«Жылдың үздік фермері» жүлдесі де екі жеңімпазға берілді, олар – Солтүстік Қазақстан облысындағы «Прометей-Агро» ЖШС директоры Юрий Шоль және Қызылорда облысындағы «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев.

Соңғы «Халықтық трактор» аталымында – «Агромашхолдинг.кз» АҚ «Кировец» тракторы үздік деп танылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!