«Қазіргі шарттардағы тәрбиенің мақсаттары, міндеттері мен құндылықтары» Халықаралық конференциясының жинағы оныншы рет жарыққа шықты

Қазіргі шарттардағы тәрбиенің мақсаттары, міндеттері мен құндылықтары тұлға мен қоғамның өзгермелі қажеттіліктерін ескере отырып дамиды. Тәрбие жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, интеллектуалдық, эмоционалдық, әлеуметтік және физикалық өсуіне ықпал етуге бағытталған. Ол білім алушылардың өзіндік дарындары мен қызығушылықтарын ашу, өзін-өзі тануға ықпал етеді. Сонымен қатар, қазіргі шарттардағы тәрбие жеке тұлғаны табысқа ғана емес, тез өзгеретін және жаһанданған әлемде белсенді болуға үндейді. Тәрбие академиялық құзыретті, әлеуметтік жауапты және ХХІ ғасырдың қиындықтары мен мүмкіндіктеріне төтеп беруге дайын жан-жақты дамыған тұлғаларды дамытуға ұмтылады. Осы себептерге байланысты, 2014 жылы саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор М.Ө. Насимовтың бастамасымен Пенза қаласында орналасқан «Социосфера» Ғылыми-баспа орталығы базасында «Қазіргі шарттардағы тәрбиенің мақсаттары, міндеттері мен құндылықтары» Халықаралық конференциясы ұйымдастырылып келеді. Осы жылы аталмыш конференция оныншы рет ұйымдастырылып, оныншы жинағы жарыққа шықты. Конференция жұмысын ресейлік «Социосфера» Ғылыми-баспа орталығы, Саяси зерттеулер қауымдастығының Қызылорда облыстық филиалы және Краснодар жоғары әскери училищесі бірлесе отырып өткізді.

2023 жылы ұйымдастырылған конференцияда 17 баяндама жасалды. Баяндамалар 6 арнайы секцияларға бөлініп, мынадай мәселелерге ерекше назар аударылды: әлеуметтану және тәрбие психологиясының қағидалары; отбасы тәрбие процесінің құндылығы ретінде; білім беру ортасы тәрбие процесінің қажетті серігі ретінде; тәрбиенің түрлері мен бағыттары; тәрбие адамның өзін-өзі тану және өзін-өзі дамыту қажеттілігін қалыптастыру факторы ретінде; тәрбие мәдениетті арттыру факторы ретінде. Халықаралық конференцияға Ресейдегі ФСИН академиясы, Адыгей мемлекеттік университеті, Кубань мемлекеттік университеті, Қызылорда «Болашақ» университетінің ғалымдары, Астрахань, Барнаул қалаларының бала бақша тәрбиешілері, Жетісу облысы, Панфилов ауданының ұстаздары қатысты.

Айта кетерлік жәйт, аталмыш конференция материалдарында «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты жанындағы «Кіші жастағы оқушыларға білім беру» ғылыми-педагогикалық орталығының мүшелері жүзеге асырып жатқан «81133/Инициативный-OT-22 – «Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту» ынталы жобасы аясындағы баяндамалар жарық көрді. Орталық мүшелері бірінші сынып оқушыларының оқуға бейімделуінің психологиялық-педагогикалық мәселелері, бастауыш сыныпта фонетиканы оқытудың ерекшеліктері, бастауыш мектеп математикасында деңгейлеп-саралап оқыту технологиясын қолдану, бастауыш сынып оқушыларына әдеби шығармаларды оқытуда инновациялық технологияларды қолдану, бастауыш сынып оқушыларының оқу іс-әрекетінің табыстылығына ықпал ететін факторлар және бастауыш сыныпта дүниетану сабағында адамгершілік мәдениеттерін қалыптастыру мәселелерін талдайды. Бұл материалдардың жарық көруіне университет әкімшілігі қаржылай қолдау білдірді. Алдағы уақытта бұл жинақ elibrary.ru ғылыми электронды кітапханасында индекстелетін болады.

«Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!