Бүгінде Қызылорда қаласында 6 білім ордасына ІТ-мектеп-лицей статусы берілген. Мұндай өзгеріс өңірдегі білім жүйесіне жаңашылдық әкеліп, шәкірттердің түрлі бағытта білім жетілдіруіне мүмкіндік беруде. Солардың арасында Серғали Толыбеков атындағы №3 IT-мектеп-лицейі ғылыми ізденіс, заманауи технологияларды қолдану бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Ақпараттық технологияны игеру заман талабына айналғалы елімізде маман тапшылығы сезілгені жасырын емес. Оның үстіне мұндай олқылық инвестор тарту, технологиялық ілгерілету жұмысына әсер ететін аңғарған үкімет білікті IT маман әзірлеу жұмысын мектептен бастауға көшкен. Осы орайда мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, ұстаздардың білім беру ісіндегі соңғы технологияларды қолдануын талап етті. С.Толыбеков атындағы №3 ІТ-мектеп-лицейде талапқа сай болу мақсатында біршама жұмыс жүргізіп, үздіктер қатарына енді. Бүгінде білім ордасында компьютер, мобильді планшеттер, тақталар санын арттыру, ғаламтормен қамтамасыз ету ісі жолға қойылған. Оған қоса ғылыми бағыттағы пән кабинеттерінің барлығына зертханалық құрылғылар орнату, роботтандыру, 3D принтерлермен жабдықтау мәселесі де оң шешімін тапқан.
Нәтижесінде мектеп ұжымы ақпараттық технология саласында белестерді бағындыруда. Мәселен, 2018 жылы информатика пәнінің мұғалімі Асқар Әбудің «Мектеп жұмысын автоматтандыру» аясында әзірлеген «Face recoqnatione» жобасы бойынша республикалық Хакдей байқауына қатысып, жүлделі III орын алды. Бұл жобаға танымал «Tensorflow» және «OpenCV» кітапханалары қолданылыпты. Жобаның мақсаты – нейронды желіні пайдалану арқылы адам бетін санды ақпаратқа айналдырып, акпараттар қорын жасақтау. Асқар Әбудің айтуынша, жоба мектеп оқушылары мен мұғалімдерінің қауіпсіздігіне арналған. Алдағы уақытта «Мектеп жұмысын автоматтандыру» жобасы аясында қосымша «We help» бағдарламасын жарыққа шығару жоспарлануда. «Аndroid studio» бағдарламасында жасақталған қосымша арқылы кез келген адам анонимді түрде көмек ала алады.
Айта кететін жайт, С.Толыбеков атындағы №3 ІТ-мектеп-лицей – қаңтар айынан бастап «Бағдарламалау мектебі» жобасы енгізілген облыс бойынша алғашқы мектеп. Мектеп-лицейде STEM зертханасы ашылып, екі кабинет заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ мектеп-лицей цифрлық мектеп моделін құруда айқын жоспар әзірлеуде. Білім ұясы цифрландыру идеясын іске асыруда 3 бағытты негізгі мақсат етіп қойған. Басты мақсат – мектеп жұмысын автоматтандыру, бағдарламалау мектебінің тиімділігін арттыру және IT бағдарламаларды пәндерде қолдану мүмкіндігін дамыту.
– Мектеп жасындағы балалардың қабілетін арттырып, шығармашылығын шыңдауда жаңа технологиялардың, IT мүмкіндіктердің үлесі зор. Осы орайда үлкен жетістігіміздің бірі ретінде «Бағдарламалау мектебі» жобасы туралы айтар едім. Жоба аясында 11 үйірме жұмысы жолға қойылып, нәтиже көрсетіп келеді. Бастауыш сынып оқушыларына арналған «Логика және Stop Motion», «Scratch» бағдарламалау, анимациялау» үйірмелері балалардың ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану арқылы ой-қиялын арттыру, өзіндік идеясын іске асыруына мүмкіндік береді. Мәселен, оқушылар «Stop Motion» бағдарламасының көмегімен жансыз заттарды қозғалта отырып, дыбыс беріп, анимациялық видео жасайды. Үйірмеге қатысу үйрену арқылы 4 сынып оқушысы Алуа Маратқызы XVI республикалық «Зерде» байқауында І орынға ие болды. Ал «3-4 сынып оқушылары үшін «Screth бағдарламалау» үйірмесінде оқушылар 2D форматта модельдеуді үйреніп жатыр. Осы бағдарламалау тілін қолданып, 3 сынып оқушысы Алдияр Яхия қалалық «Ақпараттар әлеміне саяхат» мультимедиялық сайысына қатысып, ІІ орынды иеленді, – дейді мектеп директоры Ләззат Әбенова.
Мектеп-лицейде үлкен сыныптар үшін күрделі бағдарлама тілін игеруге жағдай жасалған. Мәселен, 5-8 сынып оқушылары үшін «Мобильді графика», «Бейнеграфика», «Mation-дизайн» «С++ программалау тілі», «Python программалау тілі» үйірмелері жұмыс істеуде. Оқушылар үйірмелерде компьютерлік бағдарламалармен графика құру, сабақты жаңаша игеру секілді өзгерістерді игереді. Ал 9-11 сынып оқушыларына арналған үйірмелер тіпті қызық. Зейінді шәкірттер «Мобильді қосымша әзірлеу», «3D модельдеу», «Web-дизайн», «Java программалау тілі» үйірмелерінде техника тілін тиісінше меңгеріп, тиімді қолданудың мәнін ұғынуда.
«3D модельдеу» үйірмесінде оқушылар «Blender» бағдарламасымен әртүрлі нысандардың 3D моделін жасаса, «WEB дизайн» үйірмесінде WEB сайттарды жасауды үйренуде. Мектеп қабырғасында үйренген мұндай дағды оқушылардың өмірінде де кәдеге асуда. Бір ғана мысал, 10 сынып оқушысы Дамира Мұратбекова «wiх» конструкторын қолдану арқылы халықаралық деңгейде WEB сайт ашып, әлем елдерінің еріктілерімен бірге көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруді жоспарлауда. Дамира аталған жобаны қалалық «Ақпараттандыру әлеміне саяхат» мультимедиялық сайысына ұсынып, І орынды иеленді.
Ал «Робототехника» үйірмесінде оқушылар Лего Ардуино арқылы робот жасауды үйреніп келеді. Бұл бағытта информатика пәні мұғалімі Асқар Әбу қалалық «Robo Time» байқауына қатысып, ІІ орынды иеленген. Сондай-ақ қалалық робототехникадан «ROBO әлемі» атты мұғалімдер арасында өткізген жарыста «Robo ақсүйек» категориясы бойынша 2-орын жүлдегері атанды.
Пән мұғалімдері барлық үйірмелер бойынша авторлық оқу бағдарламасын, ұзақмерзімді, қысқамерзімді жоспарын әзірлеген. Мәселен, информатика пәні мұғалімі Жаңагүл Алдамжарова оқушыларға «С++ программалау тілін» үйретумен шектелмей, сайттарды қолданып, олимпиадаға дайындық жұмысын жүргізіп отырады. Нәтижесінде информатика пәнінен оқушылар республикалық олимпиада мен Юниор олимпиадасында жүлделі орындарды еншілеуде.
– Мектеп екі модификацияланған жаңа физика және биология кабинеттерімен толықтырылды. Айта кету керек, бұл кабинеттер жаратылыстану пәндері үшін қазіргі заманғы «Roqed Sciеnce» және «Roqed Phуsics lab» виртуалды зертханасымен жасақталған. «Roqed Phуsics lab» жүйесінде 31 зертханалық жұмыстың 3D моделі қамтылған. 250-ден астам құрылғының көмегімен кез келген физикалық экспериментті және зертханалық жұмысты көрсетуге болады.
Физика сабақтарында мұғалімдер «Peht симуляторын» және «Algodoo» бағдарламасын қолдану арқылы физкалық құбылыстардың 2D анимациясын жасауға дағдылануда. Мұндай бағдарламалар арқылы оқушы сабақта дайын мәліметті алып қана қоймай, түйін жасауды үйренеді. Яғни, балалардың функционалды сауаттылығын дамытуға көмектеседі. Ал, «Roqed Science» физика, биология, химия, жер туралы жүздеген егжей-тегжейлі 3D модельдерді үйренуге қолайлы. Мұғалімдер «Roqed Science» бағдарламасын қолданып, сабақ үстінде тақырыпқа сай 3D анимация көрсете алады, – деді Ләззат Өтегенқызы.
Мектептегі биылғы жаңалық, математика пәнінде «SketchUp» платформасын қолдану тиімді іске асуда. Бұл бағдарламамен кез келген геометриялық фигураны кеңістікте сызып жан-жағына көрсетуге болады. Ал «GeoGebra» қосымшасы геометрия пәнінде әртүрлі графиктерді салу үшін қолданылады. Бұл – оқушы үшін өте тиімді бағдарламалар.
Сонымен қатар IT журналистиканы дамыту да қолға алынған. Бүгінде саланың үш бағыт бойынша жұмыс жүруде. Олар ІТ бағдарламалардың көмегімен мәтінді жазу-өңдеу және мобилография, бейнеграфика бағдарламасымен жұмыс істеуді қамтиды.
Бұл үйірмеде оқушылар дайын мобилографика бағдарламасымен смартфон, планшет гаджеттерде фото өңдеуді үйренеді. Бейнеографикада «Windows Movie Maker», «Sony Vegas Pro» бағдарламаларымен жұмыс жасау арқылы бейнежазбаларды қысқарту, өңдеу, дыбыстық жүйесін реттеу секілді жұмысты істейді. Ал сапалы фото-бейне, түрлі мәтіндік редакторлар арқылы әдемі жазуды және интернет ресурстарға мақала жазуды үйренуде.
Мұның барлығы Серғали Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейінің жетістігі. Ұстаздар құрамының біліктілігі мен ізденісі заманауи ғылымның сан саласын зерттеуге мүмкіндік беріп, мектепті үздіктер қатарына қосты. Ұмтылысқа толы қарқын бәсеңдемесе, білім ұясы аймақтағы цифрлы даму кезеңінің орталығына айналары сөзсіз.
Берен Шағыров
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!