Сыр өңірінде білім беру ісі жаңа деңгейге көтерілді. Оған Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті (СеулТех) мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті арасындағы ынтымақтастық қадамы себеп болуда. Жуырда қос оқу орны «Халықаралық ынтымақтастық бойынша жетекші университеттік» (LUPIC) жоба қолға алып, қызылордалық жастардың сапалы білім алуына жол ашпақ.
Жобаның басты жемісі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жасанды интеллект мектебінің құрылуы. Сарапшылар сөзінше, бұл қадам университет құрылымының сапалық көрсеткішін арттырып, заманауи мамандықты өрістетуге мүмкіндік бермек. Мұнда жасанды интеллект (AI), киберқауіпсіздік (CS) және информатика (CS) мамандары даярланып, Қазақстандағы IT бағытын дамытуға сеп болмақ.
Жалпы, жағымды жаңалықтың жүзеге асуы көптен күткен іс еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалын ашу туралы тапсырмасы салаға серпін берген. Ал осы жылдың мамыр айында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінің президенті Ли Донг Хун мырзамен кездесуде оқу орнының филиалын ашу туралы ұсыныс тастаған. Облыс әкімі өңірде осы жобаны табысты іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетілетінін, білім алушыларға жыл сайын облыс әкімдігі, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі гранттар беретінін айтты. Мұнан бөлек, Қызылорда облысының даму бағдарламасының бюджетіне кампус пен технопарк құрылысын енгізу жоспарда барын жеткізген.
Осылайша, бірнеше айға созылған бақылау мен келіссөздер нәтижесінде өзгеріс орын алды. Сала басшылары Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінің (СеулТех) филиалын ашу ісі бел шеше кірісіп, екіжақты сапар ұйымдастырды. Мысалы, Сыр өңіріне СеулТех университетінің делегациясы жұмыс сапарымен келіп, өзара әріптестік мәселесін талқылады.
Профессор және директор Часу Ким мен орынбасары Сунггон Ким бастаған LUPIC жобасының өкілдері жемісті жұмыс жүргізді. Қонақтар университеттің зертханалық әлеуетін зерттеп, нақты ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ бизнес-инкубация орталығын құруға қатысты жоспарды талқылауға мүмкіндік туды. Демек, жуырда әлемдік жетекші университеттің түлектері қатарына Сыр жастары енетін күн алыс емес.
Р.МАҚСҰТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!