Тарих ғылымдарының кандидаты, PhD доктор Әзілхан Тәжекеев бірнеше жылдан бері Сыр бойындағы көне қалаларға археологиялық зерттеу жүргізіп келеді. Бүгінде ол Германияда білімін жалғастыру үстінде. Сан тарау құпиясын ішіне бүккен қалалар сырын сөйлеткен маманмен аз-кем тілдескен едік.
− Әзілхан Әуезханұлы, әңгімемізді сіз өскен орта, білім алған қарашаңырақтан бастайықшы. Ғылымға деген қызығушылық қайдан басталды?
− Балалық шағым Қызылорданың іргесіндегі, Мұстафа Шоқайдың туған жері саналатын №1 Мамыр ауылында өтті. Отбасымда он баланың ортасында өстім. Мектепте орта білім алған соң, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін «археология және этнография» мамандығы бойынша тәмамдадым. Жалпы, бұл салаға ұстаздарымның кәсіби бағдары бойынша келдім. Бірақ бала кезімде археолог боламын деп армандаған емеспін. Алғашқы экспедициялардан кейін ғылымға қызыға бастадым, ал далалық зерттеулерден соң археологияға деген құрметім одан әрі арта түсті. Осыдан соң университеттің жолдамасы арқылы Мәскеу қаласында орналасқан Миклухо Маклай атындағы этнология және антропология институтына барып, аспирантурада білім алуды жалғастырдым. Сол жақта кандидаттық диссертациямды қорғадым. Ал қазір Қорқыт ата атындағы университетте қызмет жасап келе жатқаныма он жылға жуық уақыт болды.
− Осы сала бойынша қандай тақырыпқа кеңінен мән беріп, зерттеу жүргізудесіздер?
− Археология − Қазақстанда енді дамып келе жатқан тарих ғылымдарының бір саласы. 2005 жылдан бері Жанкент қалашығы, Асанас, Бәбіш-мола, Шірік рабат ескерткіштеріне зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз. Сыр өңіріндегі ежелгі қалаларды зерттеп, шамамыз келгенше ежелгі қалалық мәдениетті, өркениетті терең білгіміз келуде. Сыр бойында 200-ге жуық ежелгі қала бар. Сол себепті бұл біздің басты бағытымыз болып отыр.
− Германияға келудегі мақсатыңыз қандай? Елді сағынған боларсыз…
− Германияда наурыз айынан бастап тұрып жатырмын. Бұл жаққа түбегейлі қоныс аударған жоқпыз. «Болашақ» степендиясының иегері ретінде ғылыми тағылымдамадан өтудемін. Археология саласы бойынша Еуропаның, соның ішінде Германияның осы саладағы жетістіктерімен танысып, озық зертханаларда болып, жұмыс жасап, Орта Азия археологиясы жайлы әдебиеттерінен кеңірек білім алғым келеді.
Қазақы аймақтан шыққан соң елді сағыну біз үшін қалыпты дүние. Тіпті кейде Қызылордада жүріп ауылды, Астана, Алматыға жол тартсақ Сырды сағынамыз. Оның жанында Германия алыс екенін білесіздер.
− Шетелге аяқ басу адам баласының таным көкжиегін кеңейтері белгілі. Осы орайда екі елдің айырмашылығы басым тұстарын айтып өтіңізші…
− Иә, екі елдің өзіндік ерекшеліктері жеткілікті. Неміс халқының ой-түсінігі, менталитеті басқа. Германияда еуропалық түсінік басым, яғни ешкімге сеніп артып, тәуекелге бара алмайсыз. Сондықтан бұл елге келмес бұрын тұратын орынды, қонақүйді, басқа да қажетті дүниелерді алдын ала жоспарлап алу керек. Мұндағы жергілікті халықтың уақыты өте тығыз. Олар айлық, жылдық жоспармен жүргенді жақсы көреді. Сол үшін адамдардың жеке жоспарына сәйкес жұмыс жасауға тура келеді. Қазақтар ерте заманнан көшпелі тұрмыс кешкен соң, туыстармен бірге жүру деген түсінік қалыптасқан. Ал Еуропаның отырықшы ел екені тарихтан белгілі. Сол себепті бір отбасы жеке жер иеленуші ретінде атадан балаға келе жатқан мұраға ие болады. Содан болар үйлері де көне заманнан ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келеді. Көбіне қандай жиынды болсын бір отбасы болып қана атап өтеді. Отбасында бала сана аз, тіпті үш балалы жанұяны сирек кездестіресіз. Отбасылық құрылымға келгенде осындай үлкен айырмашылық байқалады. Қала тұрғындары уақытылы жүрумен, тазалығымен ерекшеленеді. Сол себепті олардан үйренетін пайдалы дүние көп деп айта аламын.
− Әңгімеңізге рақмет!
Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!