Мемлекет басшысы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жоғары оқу орындары педагогтерінің жалақысын арттыруды тапсырған болатын

АЛМАТЫ, 18 наурыз – Sputnik. 2021 жылдың қыркүйегінен бастап штаттағы оқытушылар үшін минималды жалақы мөлшері белгіленеді. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап білім және ғылым министрлігіне ведомстволық бағынышты жоғары оқу орнында штаттағы оқытушы айына кем дегенде 200 мың теңге, аға оқытушы – 230 мың теңге, доцент – 260 мың теңге; профессор 350 мың теңге (ұлттық жоғары оқу орындарында – 400 мың теңге) алуға тиіс.

«Бұл жалақының ең төменгі мөлшері болады. Сондай-ақ әр жоғары оқу орны оқытушылардың белгілі бір жетістіктері үшін басқа да ынталандыру төлемдерін белгілеп, төлей алады», – деп жазды министр Facebook парақшасында.

Сондай-ақ, педагогикалық жүктеменің максималды көлемін 1 ставка үшін 680 сағаттан асырмау туралы шешім қабылданды.

«Бұл педагогикалық жүктемесі аталған көрсеткіштен төмен ЖОО-ларды (жылына 450 немесе 500 сағат) ештеңеге міндеттемейді. Яғни, сағат санын белгіленген 680-ге дейін жеткізу міндеті тұрған жоқ. Оқытушыға берілген 1 ставка көлемі 700-900 сағат немесе одан жоғары болатын жоғары оқу орындары сағат санын 680-ге дейін төмендетуі керек», – деді Аймағамбетов.

Айтуынша, бұл бұйрықтың ерте қабылдануының себебі бар. 2021 жылдың қыркүйегіне дейін ЖОО басшыларына өздерінің шығыстарын қайта жоспарлап, оңтайландыру және кірістерін ұлғайту үшін уақыт беріліп отыр.

Айта кетейік, 2019 жылдың қыркүйегінде білім және ғылым министрлігіне тікелей бағынышты ЖОО оқытушыларының жалақысы 20%-ға, кейін 2020 жылдың қыркүйегінде тағы 20%-ға ұлғайтылды.

«Оқытушыларға лайықты жалақы төлеп, олардың қалыпты жұмыс атқаруы үшін жағдай жасау – жоғары білім сапасын арттыру үшін маңызды. Біз ректорлармен бірге 2021 жылдың қыркүйегіне дейін тиісті жұмыс жүргізілетіні туралы келісімге келдік», – деді ол.

Оқытушылар жалақысын көтеруге қатысты президент тапсырмасының орындалуын ЖОО директорлар кеңестері мен білім және ғылым министрлігі бақылауда ұстайды.

Sputnik.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!