Фото: bilimdinews.kz

Грант бойынша оқуға түсе алмаған талапкерлер мен балалардың құқығын қорғаушылар Ғылым және жоғары білім министрлігінің үстінен сотқа ұжымдық арыз жазуды жоспарлап отыр, деп хабарлады Ulysmedia.kz.

АРЫЗ ЖАЗУҒА НЕ ИТЕРМЕЛЕДІ?

Кеше ғана мектеп бітірген талапкерлер мен балалар құқық қорғаушылардың айтуынша, олар білім гранттары бөліске түскенде су тасқыны кезінде зардап шеккен отбасыларға берілген 5 мың грант әділ бөлінбей, оқуға түсе алмаған.

Балалардың құқығын қорғаушы Медина Майсардың пікірінше, 5 мың грант мүлде әділ бөлінбеген. Ол Ғылым және жоғары білім министрлігінің су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда тұратын талапкерлердің оқуға түсуге соңғы мүмкіндігінен айырғанын, оларға қосымша гранттар бөлмегенін айтты.

Менің гранттардың әділ бөліске түспегеніне күмәнім бар. Сондықтан мен төтенше жағдай кезінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 5 112 грант бөлуді сұраймын, – деді ол.

МИНИСТРЛІКТІҢ ҮСТІНЕН АРЫЗ ЖАЗУ БАСТАЛЫП КЕТТІ

Халида Әжігұлова есімді адвокат Ulysmedia-ның тілшісіне балалардың құқығын қорғаушы Медина Майсарға ведомствоның үстінен ұжымдық арыз жазуға көмектесетінін айтты.

Маған Медина Майсар хабарласты. Министрлікті сотқа беруге көмектесуімді сұрады. Мен бірден келістім. Қазір талапкерлердің құқығын аяқасты етпеу үшін қолдан келгенше көмегімді беремін, – деді заңгер.

Сонымен бірге ол мәселе министрлік немесе соттың деңгейінде шешілмесе Біріккен Ұлттар Ұйымына да шағымданатынын ескертті.

Егер біздің елдегі сот талапкерлердің құқығын қорғай алмас, БҰҰ-ның Балалар құқыңын қорғау комитетіне дейін барамыз. Басқа амал жоқ. Керек болса грант мәселесін БҰҰ-ның алдына қоямыз!, – деді адвокат.

НЕШЕ АДАМ ӨТУ ҰПАЙЫН АЛДЫ?

Еске салсақ, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуде 139 мыңға жуық талапкер  өту ұпайын алып, яғни тиісті балл жинап, грантпен оқуға түсуге мүмкіндік алған еді. Тест кезінде білім бәйгесіне түскен талапкерлердің 81,43 пайызы тиісті нәтиже көрсеткен.

Бакалавриатқа 79 мың грант бөлінген. Соның ішінде 19 344 грант инженерлік, өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласына берілген.

Педагогикалық ғылымға 13 735, ақпараттық-коммуникациялық технологияға 10 903, жаратылыстану ғылымдары, математика мен статистикаға 8 288 грант бөлінген.

Сондай-ақ, 150 «Педагогикалық ғылымдар» мен «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика мен ақпарат»  білім беру топтарына жартылай төленетін дифференциялық грант берілсе,  «Серпін» бағдарламасымен оқуға түсу үшін 3 903 грант бөлініп отыр.

Халқы тығыз орналасқан, жаңадан құрылған елді мекендерде тұратын жастарға және еліміздің батыс өңірлеріндегі оқу орындарына 5 000 арнайы мақсаттағы грант берілген болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!