Қос аяқтан жан кетіп, арбаға таңылған төрт жастағы балақай облыстық аурухананың терезесінен сыртқа көз тастады. Сарғайған ағаш жапырақтары жерге түсіп, айналаны алтын түске бояған күз еді… Кенет оның ойын қасында бірге ауруханада жатқан Ферузаның сықылықтаған күлкісі бөліп жіберді. Ал Ферузаның анасы мұғалім болатын. Ол Аян екеуін шақырып алып, әліппе жаттатумен айналысты. Әйтпесе, аурухананың төрт қабырғасы адамды зеріктірмесе, сергітерліктей емес еді…
Әкем – қара жұмысшы, қарапайым техниканың маманы болатын. Бірде күздің қоңыр салқыны балтырдан ұстап, балақтан тартып, өз күшіммен жүре алмай қалдым. Бірді екіге жалғай алмайтын, ел еңсесін тіктей алмай жүрген тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болатын. Мекемелер жалақы орнына азық-түлік беріп, талғажау етіп тіршілік қылып жатқан елде сырқаттанғанның дәрі-дәрмегін алу былай тұрсын, артық киім-кешекке де қаражат жұмсай алмайтын. Мәселе жұмсауда емес, тапшы еді, тіпті қолға тиын ұстап көрмеген кез. Сүйегін сүйреткен көне тракторға елдің отыны мен шөбін тиеп, қалаға апарып сатып келетін әкем сол күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған күйі менің денсаулығымды жақсартуға, аяғымнан тұруыма барын салды. Тіпті, анама «Әйел үйдің берекесі, еркек түздің адамы. Үйдегі балалар әбіржіп қалмасын, сен балалармен қал» деп үйге қалдырып, мені ауруханаға өзі алып жататын. Сондай бір кезекті ем қабылдау процесінде Ферузаны мамасы, мені әкем алып жатты. Өзінің білім алуға мүмкіндігі болмай, Абайша айтқанда «Ер жеткен соң түспеді уысыма, қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп, әкем Ферузаның анасы мұғалім болғандықтан, оған балаларға әріп үйрет деп қолқа салады.
«Аян, сен мында кел», – деп, мені шақырып алған Ферузаның анасы екеуімізге әліппені ұстатып, әріп үйрете бастады. Ойын баласы болып, балалар сияқты жүгіріп, ойнауды арман еткен менің сол кездегі көңіліме медет болған «бірінші ұстаздың» білім әлеміне жетелей кіруі ме еді?! Кім білсін?!
«Талапты бала талпынған құстай» деп қанат қаға бастаған балапандар едік. Иә, сол қолға қалам ұстап, әріп тану менің ойымды көкке көтерді. Салқын тиген буынға жан бітіп, өз аяғыммен жүре бастадым. Тіпті, одан әрі кітап оқып, жүргізіп оқып, ойымнан сөйлем құрап… Мұның барлығы бір демде болған жоқ. Бірақ Ферузаның анасы сол әлемге алғашқы болып жетелеп кіргізді. Мағжан Жұмабаев төрт жасында ауыл молдасынан сабақ алып, хат таныды. Менің төрт жасымда әліппені жаттап алуыма Ферузаның анасы көмектесті…
«Ұстаз – бала жанының бағбаны» деген емес пе?! Арада сырғыған қанша уақыт өтті. Қанша ұстаздың алдынан өттік. Бірде-бір «жаман мұғалім» көрмедім. Ұстаздың бәрі жақсы, бірақ әрбірінен әрнәрсе аласың. Бастысы, өзіңе не керегін білсең, болғаны…
Бірде ұлағатты ұстаз, білім саласының ардагері Марк Захарович «Баланы оқымадық деп сөкпеу керек. Жерге дән сепсеңіз, бәрі бір уақытта шықпайды, бір уақытта гүл ашпайды. Сол сияқты, әр шәкірттің өзінің гүлдейтін уақыты болады» деген еді. Көкейімде осы сөз қалып қойыпты. Білім саласының дамуына білек сыбана кіріскен ұстаздың әрбір ойлары философиялық тұжырымға жетелейтін сияқты.
Біз білім алған қай ұстаз болса да, шәкіртінің гүл ашуына жағдай жасайтын. «Жұртқа жақпайтын» ұстаздар бізге кездескен жоқ. Бәлкім, біздің көзқарас па, мүмкін менің ойым бөлек пе, әйтеуір, ұстаз көрсек, мейірім шуағын сезініп өстік. Өйткені, менің аяққа тұруыма білім әлеміне басқан қадамым себеп болатын. «Журналист пен қасқырды аяғы асырайды» деп журналист Ержан Қожасов көп жазады ғой, егер мен аяғымнан нық тұрмағанда қалай болар еді?! Тағдырлы ақын Зейнолла Шүкіровтың өмір жолы көз алдыма келді…
Бірінші сынып… Ең бірінші барған күнім әлі есімде. Сол денсаулықтың салдарынан қоңыр күздің ортасында бір-ақ бардым. Сыныптастарым «ң» деген әріпке келіпті. Сол көне әліппенің сол бетінде «Орманда аңдар бар» деп басталатын мәтін бар және жаңғақтың суреті бейнеленген. Мұғалім тексермекке тұрғызды да, сол мәтінді оқып беруімді сұрады. Ал мен жүргізіп оқып кеттім. Сыныптастарым әлі жүргізіп оқи алмайтын еді…
Өмір өткелдерінде талай ұстаз бар. Бірінен өмір сүруді үйренесің. Бірінен білім аласың. Тағы бірінен өнер үйренесің. Бірақ олардың қайсыбіріне де ерекше құрмет көрсету – біздің міндетіміз. «Бала кезімізде Тереңөзектегі №35 орта мектептің оқушысы болдық. Қыстың қытымыр аязында балалар көшеде ойнап жүреміз, су тасуға барамыз. Алдымыздан ұстаз кезіксе, ол қашан өтіп кетемін дегенше, бас киімімізді шешіп, жол шетінде тұруымыз керек. Өйтпесең болмайды. Аяғын сылтып басатын ұстазымыз болатын. Өте жай жүреді. Сол кісі өтіп кетемін дегенше ләм демей, құлақшынды қолға ұстап, жол шетінде тұрдық талай. Ол – барлық ұстаз атаулыға құрметіміз болатын. Қазір ондай құрмет бар ма?» деп жиналған қауымға сұраулы жүзбен қараған Қырымбек Көшербаевтай мықтыларды тәрбиелеген сол құрмет пе дерсің?!
«Өзің жақсы болсаң, өзгелер де жақсы болады. Айналаң жақсы болады» дейтін үлкендер сөзі өнегелі ғой. «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем беретін» қазекем білім алуға, ағартушылық мәселесіне осыншалық мән бергені керемет қой. Талай талант та, талай дана да, қара да, хан да сол ұстаздың алдынан шығады. Сол ұстаздың тәлімін алады. Бірақ оларға ерекше құрмет көрсетіп жүргендер ілуде біреу. Құрметті жалақымен өлшейміз де, жыл сайын мұғалімдердің жалақысын өсіреміз, бірақ «ауылдағы асарларда» оларды аяусыз, құлша жұмсаймыз. «Қоғамдық жұмыс» деген пункттің астарына осы іс-шараны тығып қойып, ойымызға келгенді жасап жатырмыз. Кешіре гөр, ұстаздар!
Бір жылдары белгілі ұстаз, білім саласының ардагері Раушан Ахмедәліқызы Қарсақбаева қала көшелерінің бірінде сенбілікте жүреді. Көше бойындағы сенбілікте әлдекімнің үйінің тұсын сыпырып жатады ғой. Әлгі үйден бір жас жігіт шығып, сыпырғышын алып: «Апай, мен өз үйімнің тұсын өзім тазалаймын. Сіз бұған міндетті емессіздер. Әкеліңіз, сіздің орныңызға мен тазалауым керек» деп, әлгі сыпырғышты қоярда-қоймай алыпты. Иә, ол Раушан Ахмедәліқызының шәкірті еді…
«Сізге бір қызық айтайын, мектеп бітіргеннен кейін кейін ұстаздарын көрсе тоқтай қап, иіліп сәлем беріп, хал-жағдайын сұрайтын, мерекеде құрмет көрсетіп, тағзым жасайтын шәкірттердің көпшілігі – оқушы кездерінде үлгерімі төмен болғандар. Білмеймін, олардың бойына білімнен тәрбие көбірек қонды ма, басқа да жағдай болды ма, әйтеуір, өмірде кездескен жағдайлардан түйгенім осы. Оқыған, көзі ашық балалардың көбі ұстазын ұмытып кетеді», – деген еді бір ардагер ұстазымыз.
Бұл жағдай расымен солай ма, жоқ па, оны ашып айтудың қажеті жоқ. Тек ішіңізден жай ғана сараптап көріңізші. Бұл жолы да, кешіргейсіз, ұстаздар!
Әңгіме төркінін баяғы Ферузаның анасына бұрайық. Шынымды айтсам, ол кісінің есімін де білмеймін. Тек қатарлас құрбым, Ферузаның анасы екенін білемін. Одан бері Ферузаны да көрген емеспін. Тек осыдан 30 жыл бұрын маған әріп танытқан асыл жан екенін білемін. Иә, сол отыз жылда архивті ақтарып, ақпаратын алып, іздеп-тауып алсам да жарасар еді… Бірақ, ол кісінің ойында мен мүлдем биік жетістіктерге жеткен тұлға шығармын. Қазір ол кісі артқан үмітті ақтадым ба, жоқ па? «Мен сенен бұдан да биік шыңдарды күтіп едім» десе, не деймін?! Сол үшін де ұяттымын, ұстаздар!
Кешірім өтінемін.
Аян СПАНДИЯР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!