Кітап оқу – жетістіктің ең басты негізі. Қазақстан қоғамдық қорының зерттеуі бойынша қазақстандықтардың 20%-ы мүлде кітап ашпайды. Қоғамды дамытқымыз келсе, алдымен кітап оқу мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Ұйықтап жатқан сананы оятып, миға салмақ салып, дүниенің құпиясына бойлап, ми жұмысын жылдамдатуға оқу сеп. Дидроның айтуынша, «Адам кітап оқуды тоқтатқан күні, ойлауды да тоқтатады»…
Дүниежүзі бойынша сатылатын кітаптардың көбісін 45 жастан асқан адамдар сатып алса, әйелдер еркісілерге қарағанда кітапты көп алады. Бұрын кітаптардың жеткіліксіздігінен алдыңғы буын өкілдері кезектесіп оқуға мәжбүр болса, бүгінде бұл «қазынаның» сан алуан түрі басылып шығуда.
Кітап адамзат мәдениетінің ең маңызды элементі екені сөзсіз. Ол – мыңдаған жылдар бойы жинақталған білімнің трансформаторы. Оқыған сайын жан дүниеміз тазарып, рухани кемелденетініміз анық. Бүгінгі технологияның қарыштап дамыған заманында қоғам планшет, смартфон, гаджет секілді заманауи құрылғылар арқылы электронды кітаптарды оқи алады. Электронды кітаптың қағаз кітаптан айырмашылығы оны кез келген жерде оқи алуында. Ол үшін кітап арқалап, сөмкеге салып жүрудің қажеті жоқ. Электронды кітапқа көшкендердің пікірі бойынша «Қағаз кітап табиғатқа зиян».
Әрине, бұл нәрсені жоққа шығара алмаймыз, қағаз 65 пайыз үйіңкіл, 25 пайыз қайың, ал 10 пайыз терек ағашынан тұратын қоспадан өндіріледі. 1 тонна қағаз жасау үшін 2 тонна ағаш қажет. Әлемді қағазбен қамтамасыз ету үшін жер бетінде қанша ағаш шабылып жатқанын елестудің өзі қорқынышты. Алайда Роман Михайловтың пікірінше, «Кітап басып шығару, ағаштың басқа формадағы жалғасы. Кітап арқылы ағаштар сөйлейді, толғанады, тіл қатады».
Қағаз күйіндегі кітаптар – ежелден келе жатқандықтан, бәрімізге ортақ дәстүрлі дүние. Жұмыс орнында болсын, үйде болсын сөрелердегі кітаптың толып тұрғаны тек интерьерге сән емес, сонымен қатар жанға рахат сыйлайды. Сондықтан электронды кітаптан гөрі кітаптың өзін оқыған медициналық тұрғыдан да, физиологиялық тұрғыдан да және рухани тұрғыдан да пайдалы. Ең бастысы, кітаптың мазмұнды болуы. Ол – қандай болмасын, адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі.
Мерей ҚАНИҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!