Кітап – рухани байлыққа жетелейтін қазына. Ақылына ақы сұрамайтын кітаптың адамға әкелер пайдасы орасан. Қазіргі технология қарыштап дамыған заманның тиімді тұстары көп болғанымен, жаңа технология мен түрлі ағымдар себебінен таным көкжиегімізді кеңейтуді кейінге ысырып тастайтынымыз өкінішті. Әсіресе, кез келген ақпаратты ұялы телефоннан оңай тауып алуға үйренген жас буында кітап оқуға деген қызығушылық қалыс қалып келеді.

Күніге ішетін ауқатымыз денеге нәр беріп толтырса, кітап та миды дәл солай толтыратыны сөзсіз. Кітап дегенде санада сан түрлі түсінік пайда болып, әлемге деген көзқарас та өзгере бастайды. Жетістікке жету жолы да жеңілдей түседі. Әрине кітап оқуда әркімнің мақсаты әртүрлі. Бірі оны аса қызығушылықпен оқыса, келесісі білім мен ғылым жолында пайдасы зор екенін ескереді. Бірақ қандай мақсатта пайдаланса да кітаптың әкелер жақсылығы өзгермейді. Мұны ұлы Абайдың «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген сөзінен-ақ аңғаруға болады.

Жо­ға­рыда жастар­дың көбі кітап оқуды қойды деп едік. Енді мәселенің мәнісіне тоқталайықшы. Неліктен қазіргі заман ұрпағы кітап оқуға қызықпайды? Себебі олардың көз алдына сөрелерде том-том болып шаң басып жатқан әдеби туындылар елестейді. Қарапайым ұялы телефондағы шағын мәліметті оқуды жүк санайтын жасөспірімдер бір емес, бірнеше томнан тұратын рухани қазынаның бетін парақтайды ма екен? Соның салдарынан ба, жас буын классикалық әдебиетке әуес. Оған қоса өзге тілдегі туындыларды оқуға құмар. Себебі шетелден аударылған кітаптың тілі – оқуға жеңіл, есте сақтауға ыңғайлы. Осы тұсымен-ақ, оқырманды оның ішінде жастарды өзіне елітеді. Алайда жастарға ұнайды екен деп өзіміздің отандық туындылардан ат тонымызды ала қашпау керекпіз.Керісінше, болашақ ұрпақтың талабын қанағаттандырып, ой-санасы мен рухани өрісін дамытып, қалыптастыруға әсер ететін қазақ жазушы­ларының шығар­маларын жаңа деңгейде үгіттеп, жаңа ор­таға сай бейім­деу керек.
Бұл орайда кітап ішінен әріп пен әдемілікті емес, ой іздейтіндер ешқандай айырмашылық жоқ деуі мүмкін. Бірақ оқырман санын арттырып, қазақ тіліндегі әдеби туындылардың тоқырап қалмауы үшін бұл мүмкіндікті де пайдаланып көрген артық болмас. Тіпті әлдеқашан тәжірибеде байқап көріп, іс жүзінде жемісті нәтижеге жетіп отырған баспалар да бар. Солардың ішінде 1988 жылдан бастап кітап шығарумен айналысатын «Алматыкітап» баспасы ойып тұрып орын алады. Еліміздегі өзге баспалардан бөлек атын атап, түсін түстеп ерекше атауымыздың да өзіндік себебі жоқ емес.
Атап айтар болсақ, «Алматыкітап» баспасы елімізде алғаш 5 және 6 жастағы балаларға арнап мектепалды даярлық бойынша оқу-әдістемелік кешендер дайындап, басып шығарды. Өскелең ұрпақтың білімді болуын басты мақсат етіп қойған баспа 2013 жылы тұңғыш «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» бағдарламаларын халық игілігіне ұсынды. Баспа ерекше дизайнымен және жоғары сапасымен өзге баспа­лардан дараланып тұрды. Әлі де өрісін кеңейтіп, дамудың даңғыл жолында келе жатқан бірден-бір ұйым. Еселі еңбектің нәтижесінде «Алматыкітап» баспасының басылымдары Франкфурт, Лондон, Лейпциг, Париж, Мәскеуде бой көрсетіп,
халықаралық кітап жәрмеңкелеріне қатысты. Қазіргі таңда бұл баспа Ұлыбритания, Франция, Ресей, Беларусь, Үндістан, Латын Америкасы елдерінің баспалар Ассоциациясымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда.
Оқырманмен бірге жасап келе жатқан баспаның жұмыс барысы да заман талабына сай өзгертілген. Мұндайда ең бірінші ойға түсетіні – баспаның электронды сайты. Кез келген жерде, кез келген уақытта қалаған кітапты оқуға немесе сатып алуға бар мүмкіндік жасалған. Тіпті үйден шықпай-ақ, кітапханадағы ішектей созылған кезекке тұрмай-ақ қалаған кітапты алуға болады. Не болмаса қалаған туындымен телефоннан-ақ танысуға болады. Сәт сайын қолынан ұялысын тастамайтын жастар үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Тек жастар ғана емес, жасы егде тартқан қария­лар да сайт­ты пай­да­ла­нып, өзіне қажет қымбат қазынаны таба алады.
«Адам­ды адам ет­кен – кі­тап, адамзат еткен – кітапхана» деп Әбіш аға айтпақшы, кітап жан сарайыңды байытар жалғыз қазына. Алайда көп аудан, елді мекенде сұранысқа ие кітаптарды табу қиын. Алма­ты немесе Астана қаласының тұрғындары секілді кей аудан халқы кітап дүкеніне барып, қалаған шығармасын шертіп жүріп таңдай алмайды. Амал жоқ, ауыл кітапханасында не бар, соны оқуға тура келеді. Ал ондай шағын кітапханалардан психология, қаржы сауаттылығы, кәсіп бағытында кеңес беретін туындылар жоқтың қасы. Міне, осындай оқулық таппаған жағдайда «Алматыкітап» баспасының сайтын пайдалану тиімді. Себебі баспа сайтында әртүрлі жанрда жазылған шығармаларды сататын онлайн кітап дүкені, әртүрлі автордың туындылары толып тұр. Міне, жаһандану. Қазақстанның о шетінен бұ шетіне кітапқа тапсырыс беріп, рухани баюға да, кәсіпке бағыт алуға да, қаржы туралы сауатыңды ашып, өзіңді жетілдіруге де болады. Ал егер кітаптың электронды нұсқасы емес, өзі керек дейтін болсаңыз, аталған баспаның басылымы жетерлік. Әсіресе, қазақтың бітім-болмысын баяндап, тарихынан сыр шертетін туындылары ерекше, жаңа дизайнмен басып шығару арқылы оқырман ойынан шығуда. Осылайша,
«Алматыкітап» баспасы заман көшінен қалмай келе жатыр. Оның үстіне тың идеяның арқасында келешек ұрпақтың кемелденуіне үлес қосуда.


Бақытжан ЫБРАШЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!