“Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл” деген тәмсілдің бүгінгі тіршілік тұтқасын бекіп ұстауымызда мәні зор. Өз тілін құрметтей отырып, өзге тілді үйренуге мойын бұру мүмкіндікті көбейтіп, келешектің күңгірт болуынан сақтайды. Заман талабына сай тыраштанбаған жағдайда көш ілгері жүріп, өркениеттің жалына жармаса алу тіптен мүмкін емес. Қалтарыста қалып, бәріне қол сілтеп қарап отыру дамуды тежейтіні сіз бен бізге түсінікті. Қысқасы көп тіл білу – көптік етпейді.

Таным көкжиегің кеңейтіп, ақылды арттырып, жаңаша көзқарас қалыптастыруға түрткі болатын да бірнеше тілді меңгеру. Сонымен қатар әр елдің мәдениетіне мән беріп, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын түсініп, қайнаған тіршілігіне мейлінше тоқталуға септігін тигізеді. Бұл жаңаны тануға ұмтылған ұлы мұраттың, болашаққа басқан қадамның қате еместігін айғақтайтындай. Дамудың даңғыл жолында кедергі кездессе де дақпырттыққа салынбай, қиындығын еңсеруге білімпаздар сақадай сай дайын. Өйткені оқу мен білімнен байланысын үзбегеннің үзім нанға зар болып, қол жайып жүрмейтінін жақсы біледі.
Бүгінде жастар өзін шыңдағанда ғана шыңға шығып, білімін жетілдіргенде жетістікке жетерін ойша топшылап қоймай, әрекетке көшкен. Яғни ертеңі бітпейтін еріншектіктен аулақ болып, тіл меңгеруге бар күшін салуға ниетті. Асылында қытай тілі әлемдегі ең қиын тілдер қатарында көш бастап тұр. Иероглифтермен таңбаланатын қытай әріптерінің әр бір таңбасы бір сөз болып оқылады. Бірақ ынта мен ықыласы қиындыққа ырық бермеген Сымбат Байжан Қытай елінде оқып жатыр. Білгенін бөлісуге әзір жан балаларға қытай, ағылшын тілдерінен сабақ беріп, жетекшілік етуде.
– Мен 5-сынып оқып жүргеннен тілге қызығушылығым өте жақсы болды. Сол уақытта ағылшын тілін оқып, 9-сыныптан бастап қытай тіліне ерекше мән беріп, қызыға бастадым. Сөйлеуі, жазылуы жағынан әлемдегі ең қиыны Қытай тілі деп айтатындықтан, көкейімде “неге осы қиын тілді меңгермеске?” деген сұрақ туындады. Осылайша тіл игеруде именбей, ютуб арқылы шет жағасын үйреніп бастадым. Мектеп бітіретін жылы ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жүріп, болашақтағы жоспарларым жөнінде ешкімге тіс жарғым келмеді. Ізденісімді жалғастырып, дайындыққа ден қойдым. Сол жылы ағылшын-қытай тілінен тест тапсырып, Куньмин қаласындағы Юньнань университетінен лингвистика мамандығы бойынша грант ұтып алдым, – деді С.Байжан.
Иә екі жылдан аса уақыт вируспен тартысып, кесірлі кеселдің кедергісіне тап болдық. Қытай елінде пандемия өршіп тұрғандықтан, оқу онлайн түрде жалғасып, елге оралуға тура келеді. Қазір шекара ашылғанын айтқан Сымбат қыркүйек айында қайта Қытайға жолға шығатынын тілге тиек етті. Онлайн оқудың қатаң талабына төзген ол жұмысын да қатар жүргізіп, уақытын тиімді өткізуді қолға алған. Яғни жоғарыда айтып өткеніміздей, балаларға ағылшын, қытай тілінен сабақ береді.
– Түрлі қызмет саласына байланысты Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас берік. Бұл екі ел арасындағы экономикалық және басқа да байланыстарды бекіте түсетіндіктен тіл білу маңызын жоғалтпайды. Сондықтан Қытай мемлекеті мен бай­ланыс орнық­қан сайын қы­тай тілі елі­міз­де сұранысқа ие. Қазіргі таңда Байқоңыр қаласында ағылшын, қытай тілінен қосымша сабақ беремін. Көбіне 1 және 2-сынып оқушылары қытай тілін үйренуге келеді. Қанша дегенмен олар жас болғандықтан бірден қабылдау қабілетіне ие екендері белгілі. Үйреткенді тез ұғынып алатыны да рас. Сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттерімен деңгей бойынша жұмыс істеп, жақсы нәтижеге қол жеткіздік, – деді Сымбат Ерланқызы.
Кейіпкеріміздің игілік жолында инемен құдық қазғандай еңбек пен білім алуы биікке жеткізетініне күмән келтірмейміз. Қытайдағы оқуы тәмамдалған соң елге оралып, ел дамуына өз үлесін қоса­тынын да тілге тиек етті.

– Әл­бетте еліме оралып, еңбегімнің жемісін осында көргім келеді. Қытай тілін оқытудың кеңістігін кеңейтіп, мәдени іс-шараларды көптеп өткізу мақсатым. Оқуымды бітіргеннен кейін магистратураға да тапсыру ойымда бар. Алған біліміммен жақсы нәтижеге жетіп, ел дамуына үлес қосуға асықпын, – деді ол.
Түйіндей келе мақсаты мардымды, бағытын бағдарлаған жанның көздегеніне қол жеткізетіні айдан анық. Сөзі мен ісін сабақтастыра білгеннің де еңбегі еленеді. Ендеше Сымбатқа сәттілік пен толайым табыс тілейміз!

Замира ДАСТАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!