Бүгінде техникалық білімді игеру заман талабына айналғаны шындық. Себебі машина жасау мен жасанды интеллект арасындағы барлық сала гуманитарлық ғылым емес, техникалық білімді игерген маманның уысында. Содан болар, білім беру әдісі, жаңашыл идея күн санап артып келеді. Электроника мен наноэлектроника, металлургия, стандарттандыру бағытындағы өзгерістің өзі қаншама десеңізші. Осының бәрін сіңіру, бәсекеге қабілетті машықты жию үшін шетелде білім алудың маңызы айтпаса да түсінікті. Әсіресе, соңғы уақытта көрші Ресей елінде оқу үрдісі белең алған шақты аталған қадамның өзектілігін саралаудың маңызы күшейген секілді.

Жалпы қазақстандықтар үшін Ресей Федерациясы техникалық мамандықтарды оқу бойынша оңтайлы білім алаңына айналды. Жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар мен жеке білім гранттарының саны артып, тіпті ақылы негізде оқуға ниет білдіруші түлектер де көбейген. Жағдайдың мұнша құбылуына мемлекеттік саясат пен білім беру ресурсындағы артықшылық себеп болса керек. Мысалы, жыл басында Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білімнің қолже­тімдігін арттыру, техникалық білім алу үшін Ресей ЖОО-ның мүмкіндігін пайдалану мәселесін көтерген болатын.

«Жаңа экономика құру үшін ЖОО-ның бәсекеге қабілетін арттыру маңызды. Таяуда Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу басталды. Жақын арада Ресейдің үздік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарланып отыр. 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік жоғары оқу орындарының кем дегенде 5 филиалын ашу қажет деп есептеймін. Осы орайда екі техникалық бағдарланған филиал еліміздің батысында болғаны жөн», – деді.

Әрине, көрші елде білім алу үрдісі бұрыннан қалыптасқан. Мәселен, 2019-2020 оқу жылында Ресей ЖОО-да 74 мыңға жуық қазақстандық студент білім алған. Олардың басым бөлігі еларалық келісім, Ресей және Қазақстан ЖОО-ларының, аймақ, қала арасындағы екіжақты уағдаластық шеңберінде жүзеге асқан. Сондай-ақ олардың қатарында ресейлік ЖОО-лардың ше­телдік студенттерді оқытуға бағыт­талған білім беру гранттарын пайдаланғандар да бар.

Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, жерлестеріміз көбіне Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Томск, Астрахань, Орынбор, Саратов секілді қалаларда оқуды таңдаған. Ал ЖОО бойынша М.В.Ломоносов атындағы ММУ, «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университеті, Г.В.Плеханов атындағы Ресей экономика университеті, МИСиС, Э.Бауман атындағы ММТУ-да білім алуда. Сондай-ақ Ресей халықтар достығы университеті, Губкин атындағы Ресей мұнай және газ мемлекеттік университеті, Ұлттық зерттеу ядролық университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті және Мәскеу мемлекеттік халықаралық қаты-настар институты және Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясы сынды ЖОО таңдағандар да жетерлік.

Не де болса, қазақстандықтар Ресейдегі шетелдік студенттер саны бойынша алдыңғы қатарда деген сөз. Олар таңдаған сала да сан алуан. Солтүстік көршімізде білім алған қазақ жастарының 40 проценті гуманитарлық мамандықтарды таңдаған болса, 35 проценті инженерлік-техникалық мамандықтарды игеруге ниеттенген екен. Ал қалған 25 проценті жаратылыстану ғылымдарын меңгеруді шешкен. Соңғы уақытта Ресейде оқитын жастардың арасында робототехника, радиоэлектроника, IT-технология, тау-кен ісі, металлургия саласын таңдаушылар қатары көбейген.

 Мемлекет басшысының жыл басындағы Мәскеуге сапарында екі ел арасындағы білім беру ісін жетілдіруге бағытталған біршама келісімге қол жеткізгенін білеміз. Оның ішінде Қазақстанда Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу, «Болашақ» бағдарламасы аясында қажетті мамандар даярлау секілді маңызды бастама көтерілген болатын. Көп өтпей, Алматыда Ресейдің Ұлттық зерттеу ядролық университетінің (МИФИ), Атырауда И.М.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ универ­ситетінің фили­алда­рын ашу жұмысы басталған еді.  Сондай-ақ Қазақ­станның «Халық­аралық бағдар­ламалар орталығы» акционерлік қоғамы Ресей Федера­циясының МИФИ, Мәскеу физика-техникалық институты, И.М.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университеті, Э.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті, Ұлттық зерттеу университеті, Ұлттық зерттеу технологиялық университеті секілді ЖОО-мен «Болашақ» бағдарламасы аясында меморандумға қол қойған.

Қызылорда облысында да Ресейде білім алуға ниетті түлектерге мүмкіндік мол. Қ.Көшербаев аймақ басшысы болған тұста ресейлік ЖОО-мен байланыс орнатып, облыс жастарының тегін білім алуына жол ашылғанын білеміз. Бүгінде сол түлектердің алды оқу бітіріп, туған жерді түлетуге еңбек етуде. Әрине, кейбіріне оқыған мамандығына сай жұмыс табу қиындық тудырса, енді бірі айлық табыс мөлшерін қанағат тұтпағаны жасырын емес. Дегенмен жүйелі бақылау мен қажетті маман санын жоспарлау аталған мәселелерді кезең-кезең бойынша шешуге мүмкіндік беруде.

P.S. Шетелде білім алу әрбір түлектің арманы екені анық. Ол Қазақстандағы білім жүйесінде шикілік бар дегенді білдірмесе керек. Шетелге оқуға асығудың арғы жағында ел көруге ниеті мен әлемдік тәжірибелерді игеруге деген ынта жатыр. Сондықтан оқу-білімге құлшынған жасқа үнемі қолдау білдіру ел дамуының кепілі болмақ.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!