Колледж студенттеріне бірінші және екінші курстан бастап дуальды білім бағдарламасымен оқуға рұқсат етіледі, деп хабарлайды QAZBILIM ақпараттық агенттігі.
«Кәсіпорынның (ұйымның) өтінімі бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы негізгі орта білім беру базасында білім алушылар үшін дуальды оқыту бірінші немесе екінші курстан басталады. Екінші курстан бастап дуальды оқыту ұйымдастырылған жағдайда дуальды оқыту талаптары жұмыс біліктілігі бойынша немесе орта буын мамандарын даярлау кезінде қалған оқу курстарына қолданылады», — делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Оқу-ағарту министрінің бұйрық-жобасында.
Айта кетейік, қолданыстаға заңнама талабында мұндай норма жоқ. Ұлттық білім беру базасының деректері бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында негізгі орта білім беру базасында мемлекеттік білім тапсырысы шеңберінде 236 мыңнан астам адам оқиды.
Оның ішінде 50 мыңнан астам адам дуальды оқытумен қамтылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!