Нұрсұлтан АТЫМТАЙ,

Назарбаев университетінің грант иегері:

Нұрсұлтан Атымтай – №9 дарынды балаларға ар­налған облыстық «Білім-инновация» лицей-интерна­тының түлегі.  Жуырда талантты оқушының SAT (Эс-ЭйТИ-САТ) халықаралық стандартталған тест серти­фикатындағы балы ҰБТ балына ауыстырылып, Назарбаев университетінің грант иегері атанды. Осы орайда  зияткермен тілдесуді жөн көрдік.

‒ Нұрсұлтан,  әңгімемізді білім сынағына дайындық кезеңдерінен бастасақ. Уақытты қалай жоспарладыңыз, арнайы техника қолдандыңыз ба?

‒ Назарбаев университеті  туралы алғаш  рет 7 сынып оқып жүрген уақытта жоғарғы сыныпта оқитын достарымнан естідім. Сол кезде Қазақстандағы ең мықты университеттердің біріне,  яғни студенттерді қолдау, халықаралық дәрежедегі оқыту деңгейі, кампус жағынан барынша дамыған  осы университетке оқуға түсемін деп мақсат қойдым. Әрі сол оқу жылынан бастап мектепте жаратылыстану бағыты ағылшын тілінде оқытыла бастады.  Сондықтан ағылшын тілі мен математика пәнін түсінуге бар күшімді салдым. Нәтижесінде халықаралық тестке дайындық жүргізу оңай болды. Өйткені шетелдік оқулықтарды түпнұсқадан оқуға үйреніп кеттім де, ешқандай қосымша курсқа жазылмадым. Күніне алты сағатымды дайындыққа арнап,  нәтижеге жұмыс жасаудың арқасында осындай үлкен жетістікке жеттім деп ойлаймын.

‒ Математика пәнінен облыстық олипиаданың төрт дүркін жеңімпазы екенсіз. Әдетте көпшілік сандарды «сөйлете» алмай жатады. Ал сіздің бұл пәнге бейім болуыңызға, жалпы қызығушылығыңызға не әсер етті?

‒ Математика олимпиадасында барлық есепті төрт топқа бөлуге болады: алгебра, геометрия, комбинаторика және теңсіздіктер. Соның ішінде маған комбинаторикалық есептерді шешкен ұнайды. Жалпы олимпиадаға қатысып, белсенді болуыма сөз басында айтқан  жоғары сыныптағы достарым ықпал етті. Қазір математика үйірмесіндегі қызықтар мен олимпиада кездері менің ойымда өте жылы естіліктермен сақталып тұр. Есепті бірге үйреніп, бір-бірімізге түсіндіріп жүріп, басқа оқушыларға да қатты бауыр басып қалдық.

‒ «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығының сіз үшін маңыздылығына тоқталсаңыз. Сізді бұл салада қандай мәселелер алаңдатады? Жаңадан не үйренгіңіз келеді? Қазіргі ақпараттық жүйеге қандай жаңа өзгеріс енгізгіңіз келеді?

‒ Мектеп қабырғасында компьютер ойындары, интернет менің басты қызығушылығым еді. Әлі күнге дейін компьютерден жаңа  нәрсе көріп, үйрену маған ерекше мотивация береді. Шынымды айтсам, сол жұмыстарды жүргізіп отырған программисттерге қызығамын. Кейбір ақпараттарға сүйенсек, қазір елімізде осы мамандық бойынша мықты қызметкерлер жетіспейді. Осы жағдай «Ақпараттық технологиялар» мамандыған таңдауыма әсер етті. Әрі болашақта АҚШ, Эстония немесе Жапония елдерінің жоғары оқу орындарында мамандығым бойынша сабақ алып,  тәжірибеден өткім келеді.

‒  Пікірталас (дебат) алаңында да белсенді екенсіз. Біз білмейтін басқа да өнеріңіз, қабілетіңіз болса айтып беріңізші…

‒ Домбыра тартқанды жақсы көремін. Оны Өнер мектебінде жүріп үйрендім. Ұстазым ‒ Ақзәуре Смағамбетова. Осы өнерім арқылы «Алаштың алтын дауысы» республикалық домбыра жарысында гран-при иелендім. Жалпы маған жан-жақты болған ұнайды.  Сол үшін былтыр “Жастар, ғылым, болашақ ‒ 2020” халықаралық ғылыми жобасына қатысып,  әлеуметтану бағыты бойынша жоба қорғадым. Сондай-ақ интеллектуалдық owlypia жарысынан 2 күміс, 1 қола медаль иегерімін.

‒ Әңгімеңізге рақмет!

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!