Фото: ашық дереккөзден

Күзде егінді жинап алған соң миллиондаған тонна күріш қауызы мен сабаны керексіз зат ретінде өртелетін. Одан шыққан түтіннің ауаны ластап, адам денсаулығына кері әсер ететіні рас. Қызылордалық ғалымдар кейінгі жылдары күріш қалдығына химиялық зерттеу жүргізіп, кәдеге жарайтынын дәлелдеді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасының ғылыми қызметкерлері осыған дейін күріш сабанынан целлюлоза алудың оңтайлы жағдайларын зерттеді. Ғылыми жұмыс нәтижесі көңіл қуантады. Бүгінде бұл жоба патенттеліп, халықаралық басылымға мақала жарияланған. Целлюлоза негізінен кеңсе қағаздарын жасауда қолданылады.

Жуырда зертхананың ғылыми қызметкері Индира Еспанова күріш сабанынан алынған целлюлозаны химиялық модификациялап, карбоксиметилцеллюлоза алу жобасын ұсынды.

Бұл өнім негізінен үй түсқағаздарына арналған желім жасауға, мұнай мен жер асты кенін өңдеуге, медицинада дәріні тасымалдауға және басқа да көптеген салада қолданылады.

– Сондай-ақ карбоксиметилцеллюлозадан гидрогель алуға болады. Гидрогель медицинада (гель, мазь жасауға) көп қолданылады. Бірақ көбіне ауылшаруашылық саласында өсімдік өсіру мақсатында пайдаланамыз. Топыраққа қосылған гидрогель ауадағы, жауын-шашыннан түскен ылғалды бойына сіңіреді де, өсімдіктің бойына таратып отырады. Бұл біздің өңіріміз үшін өте маңызды. Себебі, өсімдікті суармай-ақ өсіруге мүмкіндік береді. Гидрогельдің жас өскінге де, қоршаған ортаға да зияны жоқ, – деді Индира Еспанова.

Зерттеуші өткен жылы университеттегі жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге арналған ректор гранты конкурсының жеңімпазы атанды. Бүгінде жоба туралы Scopus базасындағы жоғары көрсеткішті журналдарға мақала жариялау жоспарлануда.

А. Жұмадинова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!