Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім. Демек, кейінгі буынға сапалы білім беру қай уақытта да маңызды болып қала бермек. Ал осы жолда еңбек етіп келе жатқан «Болашақ» университетінің үлесі зор. Оның үстіне биыл оқу ордасы 30 жылдық белесіне аяқ басты. Ал университеттің құрылтайшысы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Бақберген Досманбетов те 80 жасқа толып отыр. Осы уақыт ішінде университеттің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жаңарып, жыл сайын бәсекеге қабілетті маман даярлауда үздіксіз жұмыс істеп келеді. Бұл – білім ошағының тұрақты дамуға күш салғанының дәлелі.

Заман талабына сай маман даярлау жолында білім ордасының профессорлық-оқытушылық құрамы аянбай еңбек етіп келеді. Қазірдің өзінде 200 ден астам оқытушы бакалавриат пен магистратураның білім беру бағдарламалары негізінде 5000 жасты оқытып отыр. Бүгінде қасиетті шаңырақтан білім алып, түлеп ұшқан түлектері де елдің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп, қалтқысыз қызмет қылуда.

Қанатын кеңге жайға білім ордасы 2010 жылдан бері арнайы педагогика мамандығын даярлау бағыты бойынша білім береді. Осы бағыт бойынша логопедия, дефектология мамандарын оқытатын өңірдегі жалғыз университет. Қазірде орта білімнен кейін 4 курс, кәсіптік білімнен кейін (колледж) 3 курс және екінші жоғары оқу орнынан кейін 2 курс білім алуда. Ашығын айтсақ, аймақта аталған сала бойынша жұмыс істеушілердің де басым көпшілігі осы «Болашақ» университетінің түлектері десек артық болмас. Өйткені студенттері оқу барысында арнайы орталықтарда іс-тәжірибеден өтіп, өздерін шыңдап, әрі қарай жұмысқа да қабылдана алады.

Апта басында университетпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірігіп жұмыс істеп отырған бірнеше орталықтың жұмысымен танысу үшін арнайы ат басын бұрдық.

Оның алғашқысы – аутизм диагнозы бар балаларға арналған «Асыл Мирас» орталығы. Орталық директорының уақытша міндетін атқарушы – Гүлайым Күлетова. Бір айта кетерлігі, Гүлайым Масаққызы біз айтып отырған оқу ордасының түлегі.

Мәртебелі мамандық - маңызды таңдау

– Орталық жұмысын 2016 жылы бастады. 2022 жылға дейін жеке орталық болып жұмыс істеп, сол жылдан бері қарай мемлекет қарамағына өтті. Орталық күнделікті 90 баланы қабылдай алады. Олар үшін арнайы 13 маман 2 ауысыммен жұмыс істейді. Бүгінде «Болашақ» университетімен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесе жұмыс істеп келеміз.

Өзім – «Болашақ» университетінің түлегімін. 2022-2024 жылдары арнайы педагогика мамандығы бойынша білім алып шықтым. Биыл осы қасиетті шаңырақтың есік ашқанына 30 жыл толып отыр. Заман талабына сай түрленіп, ілгерілеп келе жатқан оқу ордасы мықты мамандарды даярлап шығаруда. Бақберген Досманбетов ағамызға Қызылорда қаласында осындай университеттің негізін қалап, жастардың білім алуына қолайлы жағдай жасап, жол ашқаны үшін үлкен алғыс айтуымыз қажет.

Бүгінде әрбір түлегі абыройлы қызмет етіп, ел дамуына зор үлесін қосып келеді. Тіпті, «Асыл Мирас» орталығының өзінде осы университеттің дипломын алып жұмыс істеп жатқан білікті мамандар жетерлік. Оның үстіне студенттері де іс-тәжірибеден өтіп, өздерін шыңдауда. Оқу ордасымен үнемі байланыс орнатып отырғандықтан бірлесіп іс-шаралар өткіземіз. Университеттің жыл санап дамып келе жатқаны мені қатты қуантады. Алдағы уақытта бұдан биік дәрежеге жетуіне тілектеспін. 30 жылдық тарихы бар «Болашақ» университетінің тарихи толқынының бір бөлшегі болғаным үшін мақтанамын, – деді Гүлайым Масаққызы.

Іргелі университетпен тығыз байланыс орнатып жұмыс істеп келе жатқан мекеменің бірі – №5 арнайы мектеп-интернаты. «Болашақ» университетінің түлегі Жамбыл Ахметов басшылық ететін білім ошағы 2012 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Көру қабілетінің бұзылысы бар балаларға арнайы білім беретін мектепте бірлескен іс-шаралар тұрақты өтіп отырады.

Мәртебелі мамандық - маңызды таңдау

– 2021 жылдан бері осы мектептің директорлығы қызметін жасап келемін. «Болашақ» университетімен меморандумға қол қойдық. Басшылық, білім беретін құраммен кездесіп, жоспарларды бекітіп отырамыз. Балаларымыз тек мектептің төңірегінде қалып қоймай, университеттің жұмысымен танысып, біледі. Түрлі іс-шараларына қатысады. Ал ондағы білім алушылар апта сайын бізге келіп іс-тәжірибеден өтеді. Алдағы уақытта бірлесіп мектептен арнайы кабинет ашуды да жоспарлап отырмыз, – дейді Жамбыл Тұрсынбайұлы.

Алда бірлесе атқаратын мақсат-міндеттерін бөліскен мекеме басшысы өзі білім алған ортаның 30 жылдық белесіне жүрекжарды лебізін де жеткізді.

– Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие мен озық білім беру – маңызды міндет. Осы жолда еңбек етіп келе жатқан білім ордасына биыл 30 жыл толып отыр. Бұл университетте – білікті де білімді мамандардың басы тоғысқан. Соның арқасында ел үшін еңбек ететін азаматтар мен азаматшалар өсіп келеді.

Осы ретте сонау қиын уақытта университеттің іргетасын қалап, жастардың білім алуын көздеген Бақберген Досманбетовтың да еңбегін айта кеткен жөн. «Өз білгеніңді халқыңа үйрет» дейді Міржақып Дулатов. Бақберген ағамыз «өзім болдым, толдым» демей, елдің келешегіне көз тастап, кейінгі жастар үшін осындай қадамға барды десем артық болмас, – деді Жамбыл Тұрсынбайұлы.

Қызылорда қаласында «Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыс жасайды. Басшысы – Ерлан Қалымбетов.

Мәртебелі мамандық - маңызды таңдау

– Әр саланың қызығы мен қиындығы болады ғой. Ал әрбір адам жанына жақын салада еңбек еткенді қалайды. Сол секілді мен де осы саланы жаным қалап, 2014-2016 жылдары «Болашақ» университетінде білім алдым. Осы уақыт аралығында түрлі кезеңнен өтіп, қазір осы мекеменің басшылық қызметіне келіп, балалармен жұмыс жасап келемін.

Білімді мамандардың басы қосылған білім ордасының түлектері алдыңғы қатарда, әр түрлі салада тер төгіп жүр. Мұның барлығы сол ортадан берілген тәрбие мен білімнің арқасы.

Қазір өзім оқыған шаңырақпен бірлесе жұмыс істеп, жоспарларды жүзеге асырып келеміз. Арнайы педагогика бағыты бойынша білім алатын студенттер іс-тәжірибеден өтіп жүр. Олардың келіп жұмыс барысымен танысқанынан-ақ, ондағы беріліп жатқан білімнің дұрыс екеніне көзім толық жетеді.

Биыл қанатын кеңге жайған киелі орда 30 жылдық белесін тойлайды. Осы уақыт ішінде университет ескісінен сол жағалаудағы 12 қабатты жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Материалдық- техникалық базасы толығымен жабдықталған. Білім алушыларға қолайлы жағдай жасалған. Мамандар шетінен сен тұр мен атайын, мықты. Тек студенттер оқып, ізденсе болғаны. Қасиетті шаңырақтың ғұмыры ұзақ болсын! Ұжымына тек жақсылықтар тілей отырып, елдің алды болып, халық үшін қалтқысыз жұмыс істейтін мықты мамандар шыға берсін дегім келеді, – деді Ерлан Сәулебекұлы.

«Болашақ» университеті қай кезде де түлектерімен мақтанады. Ал осындай қасиетті шаңырақта білім алған буын да өзі білім алған ордасы артқан үдеден шығатыны анық.

«Білегіңе сенбе, біліміңе сен» дейтін даму кезеңінде «Болашақ» университетінің бағытына нақтылық, болашағында туралық пен тұрақтылықтың болуын тілейміз.

Абзал БАҚЫТҰЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!