Бәрімізге белгілі, соңғы 3-4 жылдықта білім саласындағы жаңалықтар легі толастаған емес. Білім және ғылым министрлігі екіге бөлінгеннен бері еншісін алып, жеке шыққан Оқу-ағарту министрлігінің енгізген өзгерісі көп. Жаңа оқу жылы да ұстаздар үшін елеулі жаңалықтарға толы болмақ. Мәселен, кейбір пән мұғалімдерінің сағаттары қысқарады. Сонымен қатар информатика, орыс тілі сынды өзге де пәндерді оқыту кезінде бір сыныптағы оқушы саны 24 баладан аспаса, екіге бөлінбейді. Мұндай үрдіс сағат санын екі есеге қысқартып, мұғалімдердің жалақысын азайтары анық. Ал санатына сан қосып, сапаға мән бергендердің айлық жалақысы өзгелерден бірнеше есе асып түседі. Жыл сайын 25 пайыз қосылып отыратыны тағы бар. Алайда аттестациялық жүйе қаншалықты жолға қойылған? «Санатын» сатып алатындарға қандай шара қолданылады? Мұғалімде санат бар, білімде сапа бар ма?
Асхат Аймағамбетов министр боп келген 2019 жылдан бері білім саласына оң өзгерістер еніп, ұстаздардың жалақысы артты. Алайда талғамға сай талап та күшейтіліп, ұстаздар қауымының жүктемесі көбейген. Мысалы, жаңартылған білім жүйесі, оқушының өзін-өзі бағалауына мүмкіндік беру, ата-анамен қарым-қатынасты жаңарту, коучингтер өткізу, біліктілікті анықтайтын тест тапсыру, курстарға қатысу, онлайн сабақтар, аттестация жыры, мұғалімдерді тіл үйренуге машықтандыру, «Күнделік.кз»-тің жұмысы тәрізді толып жатқан реформалар соңғы жаңалықтармен жалғасын тапты.
«Мектеп пен колледжге, балабақшаларға керек білікті директорлардың тапшылығы байқалып отыр. Қазіргі кезде біраз бос орын толтырылмай тұр. Әрине, мұғалімнің еңбегі мен біліктілігі өте маңызды. Бірақ барлық мәселені шешкенімен, білікті әрі білімді директор болмаса, онда атқарылған жұмыстар тиісті нәтижесін бермейді. Директорлардың жалақысы мұғалімдермен салыстырғанда аз екені белгілі. Қазір 400-ден астам директор жаңа оқу орындарына барып, жұмысын жалғастырып жатыр. Осы әріптестерімізге үлкен алғысымды айтқым келеді.
Сонымен бірге алдағы уақытта мамандығы бойынша жұмыс бастайтындарға арналған жаңа жоба іске қосылады. Яғни, мектепке жаңадан келген әріптес­­теріміз үшін жыл бойы мамандықты меңгеру бағытында жеке бағдарлама жасақталмақ. Олардың әрқайсысына жетекшісі бекітіледі. Осы орайда оқу жылы барысында жас маманға қолдау көрсетіледі. Жыл қоры­тындысы бойынша ары қарай жүргізілетін жұмыс жайында шешім қабыл­даймыз. Жас маман жүктелетін қызметті толықтай орындауы үшін тиісті көмек көрсетіледі», – деді мұға­лімдердің республикалық тамыз конференция­сында Оқу-ағарту министрі.
Министрдің сөзіне сүйенсек, осы бағытта шетел тәжірибесі назарға алынатын болады. «Шетелде жас маман келсе, оған сабақтар бойынша толық жүктеме берілмейді. Оның біліктілігін арттыруға көбірек мән беріледі және жас маман оқу орнындағы әріптестерінің сабағына қатысады. Дегенмен осы жас мұғалімге толық жалақы төленеді. Алдағы жылдан бастап осы тектес жүйені елімізде енгізбекпіз», – деді білім беру саласының басшысы.
Сонымен қатар президенттің тапсырмасы бойынша мектептегі білім бағдарла­масында математика, информатика пәніне, тілдерді оқытуға басымдық берілмек. Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы бойынша бірыңғай оқулықтар әзірленетін болады. Министр сан қилы қиындығы мол саланың басты жиыны – тамыз конференциясында оқулықтардың сапасы қоғам тарапынан үнемі сынға ұшырап жүргенін де тілге тиек етті. Сондықтан оқулықтарды іріктеу мен сараптау қызметінде сарапшылардың біліктілік деңгейіне қойылатын талаптар қатаңдатылып, жауапты мамандарға артылар жауапкершілік жүгі ауырламақ.
2021 жылы «Білім және ғылым туралы» заңға өзгеріс енгізіліп, «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы ұстаздар қауымының сапалық құрамының жақсаруына, мектептер мен жоғары оқу орындарында қордаланған түйткілді мәселелердің бірте-бірте шешілуіне ықпал етіп қана қойған жоқ. Заңның нәтижесінде мұғалім мамандығына деген сұраныс та бірнеше есе артты. Яғни сала бойынша сапаға жауап бере алатын болсақ, сан да көбейді. Мысалы, 2021 жылы оқуға түскен 13 мың түлектің 65 пайызы мұғалім мамандығын таңдаған. Студенттердің 55 пайызы мемлекеттік грантқа қабылданған десек, соңғы екі жылда университетке мұғалім мамандығына квота берілмегендіктен, түлектер республи­калық квотаны жеңіп алуға тырысуда. Мұғалім мамандығына «Алтын белгімен» бітірген түлектер тарапынан да сұраныс артып келеді. 2019-2020 оқу жылында 300 «Алтын белгі» иегерлерінің 177-cі, ал былтыр 522 талап­кердің 300-і осы маман­­дыққа грантты жеңіп алған.
«Педагог мәртебесі туралы» заң күшіне енгелі мектептегі жүктемесінен бөлек, сенбілікке, түрлі шараға шапқылап, қолбалаға айнала бастаған ұстаздар қауымының жүгі жеңілдегендей. «Qazbilim» жобасының негізін қалаушы, phd химик, Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлы: «Көптеген реформадан шаршаған әрі жеткілікті көңіл бөлінбеген саладағы жағдай баршаға мәлім. Осы жылдарда білім саласынан дарынды мамандардың басқа жаққа кету үрдісі орын алып, мектептер аутсайдерлер мен басқа саладан жұмыс таппағандардың ордасына айналды. Осылайша, әртүрлі келеңсіздіктерге тап болған саланы аз уақытта түзету мүмкін емес.
Біліктілік, аттестациядан өту мәселесі өзекті. 50 пайыздан төмен көрсеткіш алған мұғалімдерге шектеме қойылуы қажет. Мысалы, 80 балдық тест нәтижесінде 30 балл алып жатса, онда қайта өтуге, тіптен жұмыс орнын босатуға дейінгі қатаң талаптар қолданған жөн болар. Орнына басқа адамдарды кіргізу, не болмаса мұғалімдердің басым көпшілігінің біліктілігін қорғай алмау фактілерінің кездесіп жүргені саладағы «қасірет». Ал аутсайдерлер мен ақша үшін мұғалім болып жүргендерден саланы тазартпай, сапаға қол жеткізе алмасымыз анық. Сондықтан да педагог біліктілігіне мәртебе керек»,– дейді.
Мойындау керек, мұғалімдердің жалақысы мемлекет тарапынан назарға алынып, бірнеше есе көтерілуі, болашақта датұрақты негізде бұл сала мамандарының жағдайына жіті көңіл бөлінетіні 5-10 жыл бұрын келместей боп кеткен, қолында ұстаз ретінде дипломы барлардың қайта оралуына ықпал жасауда. Оларды жұмысқа қабылдағанда біліктілігін растау ғана емес, білімін арттыру мәселесі де кезек күттірмей алдымыздан шығады. Тиісінше бұл мақсат бір апталық немесе он күндік курстармен емес, үш айдан бір жылға дейінгі кәсіби оқулармен, тәжірибемен жалғасын табуы қажет.
Санаттың жыры – бөлек мәселе. Таразының бір жағында талай жыл білім беріп, болашағымыз – бала тәрбиесімен айналысып келе жатқан мұғалімдердің материалдық жағдайы тұрса, екінші жағында жемқорлық тұр. Жаңа реформа, жаңа Қазақстан, көне жүйе. Оған дәлел ретінде мына бір жаңалықты айта аламыз. Мәселен, жақында Түркістан облысында 500-ге жуық мұғалім санат көтеру сертификатын сатып алды деген күдікке ілінген болатын. Қазір ол сертификаттарды құзырлы органдар тексеруде. Әлеуметтік желілердегі санат көтеруге арналған сертификаттардың сатылатындығы туралы ақпаратты Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы растаған. «Өкінішке қарай, осындай фактілер анықталды. Біз барынша ашықтық саясатын ұстанып отырмыз. Әлеуметтік желіде болып жатқан мәселелерді жіті қадағалаймыз. Ондай адамдардың жалған диплом, жалған сертификаттармен білім ошақтарында жұмыс істеуіне моралдық, кәсіби құқығы жоқ деп есептеймін», – дейді басқарма басшысы.
Ұстаздардың санаты әлеуметтік желі қолданушылары ара­сында да кеңінен талқылануда. Мәселен, фейсбук әлеу­меттік желісіндегі ұстаздар тобында Бақытханым Губашева есімді қазақстандық: «Аттестациядан өтуді мұғалімдердің өз еркіне қалдырса ғой. Санат пен жоғары айлық керек дегендері өтсін. Маған санаттың да, тиын-тебенге көбейген ақшаның да керегі жоқ. Сен санат алғансың деп піспектеп, семинар шарлап, баян­дама оқып жүргенше, өзімнің жұмысымнан қалмай, алдыма келген шәкіртіме сабақ беріп жүргенім жақсы. Ата-аналар жұмысымның нәтижесін көріп, оқушым материалды игеріп шықса, өмірлік тәжірибесінде қолдана алса, болды. Аттестация үшін жүйкемді жұқартпас едім.
Бір ғана видео түсіру үшін де қанша уақыт, энер­гия кетеді. Ұстаз болғандар түсінеді. Мұғалімдердің миы ойдан босамайды. Баланың санасына ақпаратты қалай оңай сіңіре аламын, қандай жаңа әдіс қолдансам болады деп үнемі ізденіс үстінде жүретін де мұғалім. Зейнетке шыққанда бәріміздің санатымыз бір. Жай ғана қазақтың қара кемпірі бола­мыз», – деп пікір қалдырған.
«Жалақы біраз өсті. Ендігі жылы прези­­­дент­тің тапсырмасына сәйкес тағы 25%-ке процентке артады. Бізде көбіне жалақы көбейеді дегенде мектептегі мұғалімнің айлығы ғана өсетін сияқты болып қабылданады. Бірақ 2020 жылдан бастап жыл сайын, келесі жылы да, мұ­ғалім­дердің, балабақша тәрбиешілері мен қызметкерлерінің, колледж қызмет­кер­лерінің, қосымша білімдегі педагог­тердің жалақысы 25 пайызға өседі», – деді министр тамыз конференциясында.
Иә, мемлекет бұл сала­ны толықтай назарға алуда. Жалақы көбейді, бұрын­ғы­­дай емес, «ұстаз» де­ген есімнің де қадірі жоға­рылады. Бі­рақ санат алу сәнге айналып, еңбегі елен­ген­дерге емес, қолына ақшасын қыса барғандарға бұйы­рып жүрмей ме? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!