фото: tobolinfo.kz

2025 жылы елімізде мектеп бітіруші түлектер саны бұрынғы жылдармен салыстырғанда едәуір артты. Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) 216 мыңнан астам талапкер тіркеліп, бұл көрсеткіш жастардың жоғары білімге ұмтылысын айқын көрсетіп отыр. Дегенмен талап жоғары болғанымен, мүмкіндік шектеулі күйінде қалып отыр.

Мемлекет жыл сайын бөлетін білім беру гранттарының саны жалпы үміткерлердің үштен біріне ғана жетеді. Басқаша айтқанда, әрбір он талапкердің тек үшеуі ғана мемлекеттік грантқа ие бола алады. Қалғандары ақылы негізде оқуға мәжбүр. Бұл – қазіргі жоғары оқу орындарындағы оқу ақысын ескерсек, көптеген отбасылар үшін ауыр қаржылық салмақ. Мәселен, мемлекеттік университеттерде жылдық оқу ақысы 750 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін жетсе, жекеменшік оқу орындарындағы баға бұдан да жоғары.

Әсіресе ауылдық жерлерден шыққан түлектер мен көпбалалы отбасылар үшін жоғары білім қолжетімсіз болып барады. Осы себептен жастардың көбі мамандықты жүрек қалауымен емес, қай салада грант көп бөлінсе, соған қарай таңдайды. Бұл жағдай – болашақ мамандардың кәсіби әлеуетіне теріс әсер ететіні сөзсіз.

Білім беру жүйесіндегі тағы бір өзекті түйткіл – теңсіздік. Мектеп бітірген әрбір түлек бірдей мүмкіндікке ие емес. Грант бөлу жүйесінде әлеуметтік жағдай, өңірлік ерекшеліктер мен еңбек нарығының талаптары толықтай ескерілмейді. Бұл – тек жеке тұлғаның ғана емес, тұтас ел болашағының мәселесі.

Сондықтан жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесінде әділдік қағидатын мызғымастай етіп орнату қажет. Сонымен қатар, оқу ақысының орташа мөлшерін мемлекет деңгейінде реттеу – уақыт оздырмай шешілуі тиіс мәселе. Жоғары білімге балама ретінде кәсіптік-техникалық білімнің беделін арттыру – қоғамның кезек күттірмес міндеттерінің бірі. Жастарға бағыт-бағдар беретін кәсіби бағдарлау жүйесін дамыту – бүгінгі күннің өзекті қажеттілігі.

Иә, биыл мектеп бітіруші көп, бірақ олардың болашағы айқын емес. Түйткіл жетерлік, шешім мардымсыз. Бұл – тек білім саласының ғана емес, мемлекеттің даму жолындағы басты басымдықтардың бірі. Ендеше, мәселенің шешімі – жүйелі, әділ әрі нақты реформаларда.

Бифатима БИМОЛДИНА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

 университетінің студентіМәселе көп, ал шешім ше?

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!