Фото: parlam.kz
KAZINFORM – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова жекеменшік мектептердегі мәселені көтерді.
«Бүгінгі сауалда жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастырудың бірқатар мәселесіне тоқталғым келеді. Біріншіден, мемлекеттік тапсырысты орналастыру механизмін қайта қарау қажет деп санаймыз. Себебі, қазіргі жүйеде әр балаға арналған қаржы Жалпы сипаттағы трансферттер (ТОХ) бойынша қарастырылады. Алайда, қандай да бір себептермен жекеменшік мектептерге бөлінетін қаражат республикалық бюджетке жүктелген, ал өңірлердегі балалар саны өзгеріссіз жергілікті атқарушы билік органдарында, яғни білім басқармаларында қалып отыр. Бұл дегеніміз, өңірлерде балаларды мемлекеттік мектептерден жекеменшік мектептерге ауыстыра отырып, қаржыны өздеріне қалдырып отыр. Мұндай жағдайда қаржының әділ бөлінуін қамтамасыз ету үшін жаңа механизмді енгізу қажет», – деді Ж. Сүлейменова Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, барлық балалар тең дәрежеде сапалы білім алуына мүмкіндік қарастырылып, жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырыс балалардың оқулығын және ыстық тамақпен қамтылуы проблемасын шешуге бағытталуы тиіс.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы 677 жекеменшік мектепте 251,3 мың оқушыны қамтып, 2024 жылы республикалық бюджеттен 133,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Алайда, 2024 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша бұл соманың 103,5 млрд теңгесі игерілген, қалған 30,4 млрд теңге тек 1 айға қаржыландыруға жеткілікті. 2024-2025 жылға жекеменшік мектептерге қосымша қаражат бөлу мәселесі Республикалық бюджеттің нақтылауы болмағандықтан, шешілмей тұр.
«2023 жылдың қорытындысы бойынша 1,4 млрд теңге көлемінде кредиторлық қарыз бар. Бұл мәселені шешу үшін 2024 жылдың қаңтарында қосымша қаражат бөлуге өтінім дайындалған, әлі күнге дейін шешім қабылданбады. Бұдан бөлек, жекеменшік мектептерде де білім сапасы, мұғалімдердің кәсіби біліктілігі, тәртібі мен тәрбиесін қадағалайтын жүйе болуы қажет. Мұндай жүйе оқушылардың жан-жақты дамуына, білім алу деңгейінің жоғары болуына, сондай-ақ мұғалімдердің кәсіби өсуіне ықпал етеді. Жекеменшік білім беру мекемелері де мемлекеттік мектептер сияқты сапалы білім беруге және ұрпақ тәрбиелеуге жауапты екенін ескеру қажет. Кейінгі төрт жылда жекеменшік мектептер ашу үшін көптеген инвестор екінші деңгейлі банктерден заемдық қаражат тартқан, жекеменшік мектептер еліміздегі 3 ауысымды мектептер проблемасын шешуде айтарлықтай көмек болды», – деді депутат.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!