Қазіргі таңда заман талабына сай тұлға болып қалыптасып, арман-мақсатыңа жету үлкен өнерді, өмір сүру өнерін меңгеруді қажет етеді. Әрбір адам өзін-өзі дамыта алу үшін білім алып, сол біліміне сай мамандыққа машықтану керек. Мектеп бітіруші түлек алдымен ЖОО-ға түсу үшін негізгі пәндерін таңдайды, ал қандай мамандық деген кезде ойланып қалатыны анық. Мамандықты саналы таңдауда адам қабілетінің қалыптасуы үлкен маңызға ие. Оның ішінде қабілеттілік, қызығушылық, бағыттың құндылығы, кәсіптік жоспар, идеялы сенім бар. Қабілеттілік дегеніміз белгілі қызметтің әдіс-тәсілдерін игеруде жылдамдық, тереңдік, икемділік болып есептеледі. Сондықтан мамандық таңдауда қабілеттіліктің алатын орны ерекше деп айтамыз.
Кәсіби бағдар беру – жас ұрпақты өзіне ұнаған тиісті мамандықты саналы таңдауға дайындайтын мақсатты іс-әрекет. Ол арқылы оқушыларды мамандықтар әлемінде, оның мазмұны, ерекшеліктері, жеке тұлғаға қоятын талаптарын өз бойындағы қасиеттермен ұштастырып, өндіріс, шаруашылық салаларының даму міндеттеріне, оның нарықтық экономика жағдайындағы роліне сай саналы таңдалып алынған мамандыққа мүдделілігін тәрбиелеуді қажет етеді. Мамандық – адамның белгілі бір қызмет атқаруына мүмкіндік беретін материалдық не рухани өндірісте алған білімі мен өмірлік дағдысының жиынтығы.
Алдымызға келіп білім алып жатқан студенттердің басым көпшілігі таңдау пәнінен қателесетінін естігенде көңілге кірбің ұялайды. Мәселен, «химия-биология» таңдау пәніне дайындалып, негізінде «химия-физика» пәндерін таңдап та мықты сала маманы болып шығатынынан мүлдем бейхабар.
Осы орайда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Химия және химиялық технология факультетінің Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы (Е.А.Әубакіров, Г.Ж.Жақсылықова, Н.Ж.Құдайбергенов, Е.Ж.Үсіпбекова, Ф.М.Қанапиева, Ж.Супиева, Г.К.Василина) ұйымдастыруымен еліміздің бірнеше өңірінің мектептерімен (Қызылорда, Абай, Жамбыл облыстары) онлайн форматта ашық кездесу өткіздік. Бірнеше мектеп басшылығы мен оқушылар қатысып, университет, факультетіміз және кафедралармен танысып, көкейде жүрген сұрақтарға жауап алып, ризашылық білдірді.
Бүгінгі білімді жас Жаңа Қазақстанның ертеңі болу үшін мамандықты дұрыс таңдағаны жөн. Өйткені ХХІ ғасырда жұмыс істейтін мамандар Отанның мақсат-мүддесін алдыңғы орынға қоятын мемлекетті басқару мен өз саласын жетік меңгерген маман болуы қажет.
Жақсылықова Г.Ж.
Қанапиева Ф.М.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!