Маңғыстау облысындағы мемлекеттік балабақшалардың бірі үш принтерді 32 миллион теңгеге сатып алмақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қызметкерлер нарықта 100 мың теңге тұратын принтердің әрқайсысын 10 миллион теңгеден астам қаражатқа алуды жоспарлаған. Балабақша басшылығының бұл әрекетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті әшкереледі.

Түпқараған ауданы бойынша білім бөлімі бөбекжай қызметкерлері 321 мың теңге жоспарлауы тиіс еді. Айтуларынша, цифрлардың ортасына үтір қоюды ұмытып кеткендіктен, тауар құны 32 миллионнан астам қаражат болып көрсетіліп кеткен. Білім бөлімінің басшысы қателік түзетілгенін түсіндірді. Балабақша есепшісіне тәртіптік жаза қолданылыпты.

“Департаментпен енгізілген ұсыным хаттың негізінде мемлекеттік сатып алу қайта қаралып, 31 миллион теңге бюджет қаражаты үнемделді. Ал балабақша 3 принтерді 300 мың теңгеге сатып алу туралы мемлекеттік сатып алуға өзгерістер енгізді”, – деді Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының бірінші орынбасары Біржан Хайруллин. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!