Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Ұлы дала ақындары» және «Менің өмірімде қолданылатын мақал-мәтелдер» жобаларының кіріктірілуімен мұғалім-оқушы-ата-ана үштігінің арасында сайыс өткізілді. «Мақсатымыз – жас ұрпақты есті сөзбен тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, рухани байыту. Сонымен қатар мектеп қауымдастығының ынтымақтастығын арттырып, қос жобаны кіріктіріп өткізуді ұйғарған болатынбыз», – деді шараны ұйымдастырушылардың бірі, педагог-куратор Дина Әшірбаева. Отбасылық шарада 7 сынып оқушылары өздерінің ата-аналары және мұғалімімен топ құрып, сайыстың 4 кезеңі бойынша бақ сынады. «Сәлем – сөздің анасы» атты бөлімде қатысушылар мақал-мәтелдерді қосып өздерін таныстырса, «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» кезеңінде мақалды жалғастыру тәсілімен тест орындап, білімдерін көрсетті. «Есті өлең және екі ауыз сөз» деп аталатын жарыс бөлігі Ж.Молдағалиевтің өлеңдеріне арналып, мұнда да топтар ақын шығармаларын талдай білді. Соңында «Мақал сөздің жүйесі мен киесі» тақырыбында оқушылар сөз саптап, өмірлерінде қолданатын сөз өнерінің ерекшелігі жайында пікір білдірді.Қаладағы Педагогикалық шеберлік орталығының әдіскері Жанат Райымкұлова, мектеп баспасөз хатшысы Елена Рыбина және педагог-ұйымдастырушы-куратор Гүлзат Шынтасова топтардың өнерлерін жіті бақылап, сөз додасында әділ қазылық жасады. Нәтижесінде, І орынды 7Е сыныбы оқушысы Жайна Жұмабек, анасы Гүлжанар Сыздықова және кураторы Бағдат Әбілов жеңіп алса, ІІ орынды 7В сынып оқушысы Сәфиа Әбибулла, ата-анасы Жеңіс Маткаримов және ағылшын тілі пән мұғалімі Зауре Ермаханова иеленді. ІІІ орын тең түскен екі топ 7D сыныбынан белсене қатысқан Аруай Ибайдулла, анасы Айгүл Абажанова, мұғалімі Мира Дөненхожаеваға және 7А сыныбынан Бақыт Айбын, анасы Маржан Түлегенова, мұғалімі Перизат Дәрібайға берілді. Қалған қатысушылар «Мақалшы топ» пен «Зияткер топ» номинацияларын өзара бөлісті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!