Құрылғанына келесі жылы 10 жыл толатын «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институтын алғашында ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Ж.Ө. Өтесінов басқарды. 2017 жылдан бастап институтты саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор М.Ө. Насимов басқарып келеді.

Бүгінгі таңда «Болашақ» ҒЗИ құрамында 4 зерттеу орталығы бар: Әлеуметтік-саяси және құқықтық зерттеулер орталығы; «Руханият» ғылыми-зерттеу орталығы; Әлеуметтік мәселелерді психологиялық және дефектологиялық зерттеу орталығы; Кіші жастағы оқушыларға білім беру ғылыми-педагогикалық зерттеу орталығы. Орталықтарға университет кафедраларының меңгерушілері жетекшілік жасайды.

Осы орталықтар жұмысы барысында Қызылорда «Болашақ» университетіндегі қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар бойынша іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ҒЗИ ғылыми-зерттеу жұмыстары мен университет жобаларын жүзеге асыруға жәрдемдеседі; ғылыми зерттеулер жобалары мен жоспарларын әзірлейді; заманауи ғылыми-техникалық деңгейде зерттеулер мен әзірлемелердің орындалуын ұйымдастырады; жүргізілетін ғылыми жұмыстар мен жобалардың жоғары тиімділігін қамтамасыз етеді; бекітілген тапсырмалар мен бағдарламаларға сәйкес ғылыми-зерттеу жұмыстарының уақытылы және сапалы орындалуына бақылау жүргізеді; ғылыми жобаларды басқаруға штаттағы ғылыми қызметкерлер, профессор-оқытушылар құрамын жұмылдыруға жәрдемдеседі; мекемелерге кеңес береді; орталықтардың негізгі ғылыми жұмыстарының тақырыптары бойынша семинарлар, дөңгелек үстел мен конференциялар ұйымдастырады; журналдардың арнайы шығарылымдарын дайындайды; институттың шетелдік әріптестерімен бірлесе отырып халықаралық ғылыми конференциялар өткізеді.

Соңғы 2 жылда институтта 10 тақырып бойынша университетішілік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Осы ынталы жұмыстардың бесеуі Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығында іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстары ретінде тіркелді: Ұлттық рухани жаңғыру: қоғамдық сана мен тарихи сананы жаңғырту (ғылыми жетекшісі: М.Ө. Насимов); Құқықтық мәдениетті арттыру және мемлекеттіліктің негіз қалаушы құндылықтарын құрметтеуді қалыптастыру (ғылыми жетекшісі: Г.И. Арғынбекова); Сыр бойының рухани мұрасы (ғылыми жетекшісі: Ж. Нұрсұлтанқызы); Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту (ғылыми жетекшісі: Қ. Аймағамбетова); ЖОО-дағы білім беру және тәрбие жұмыстарының психологиялық мәселелері (ғылыми жетекшісі: М.Д. Қасымбекова). Бұл ынталы жұмыстар университеттің меншікті қаражаты негізінде қаржыландырылып отыр.

Жоғарыда аталған ғылыми-зерттеу жобаларының нәтижелері жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр. 2021 жылы 54 ғылыми жарияланым болса, өткен жылы ғылыми нәтижелер саны 74-ке жетті. Олардың арасында рецензияланатын шет елдік журналдардағы мақалалар, оқулықтар, оқу құралдары, авторлық куәліктер және ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Тізіміне енетін басылымдарда жарық көрген мақалалар бар. Ғалымдарымыздың зияткерлік меншігі мен авторлық құқықтарын қорғау мақсатында 2021 жылы 5, 2022 жылы 1 ғылыми туындыға авторлық куәліктер алынды: Сананы жаңғыртудың 6 бағыты: мәні, мазмұны және түсініктері (куәлік нөмірі – 15130); Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихы (куәлік нөмірі – 15393); Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі (саяси-философиялық талдау) (куәлік нөмірі – 15792); Рухани жаңғыру: қоғамдық сана мен тарихи сананы жаңғырту (куәлік нөмірі – 16578); Киелі өнер иесі – Шәмшат (куәлік нөмірі – 16778); Жаңа технологиялық тәртіп шарттарындағы ақпарат және киберәлеуметтену (куәлік нөмірі – 25450).

Әлеуметтік-саяси және құқықтық зерттеулер орталығында жүзеге асып жатқан «Ұлттық рухани жаңғыру: қоғамдық сана мен тарихи сананы жаңғырту» жобасы шеңберінде 1 монография, 1 оқулық, Скопус базасындағы шет елдік журналдарда 4, ҚР ҒЖБМ ҒЖБССҚК тізіміндегі журналдарда 34 мақала жарияланған. 2020-21 оқу жылынан бастап университетте «Рухани жаңғыру: қоғамдық сана мен тарихи сананы жаңғырту» курсы жүргізіліп келеді. Орталықта Web of Science және Scopus базасында индекстелетін журналдарда мақала жариялау бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 7 мақала аталмыш базаларда индекстелетін журналдарда рецензияланып жатыр. Берілген мақалалар тақырыптарының ауқымы кең, рухани жаңғыру түсінігінің анықтамасы, COVID-19 пандемиясының әлеуметтік саясатқа ықпалы, тарихи геология мәселесі бойынша әдебиеттерге қысқаша шолу, болашақ мұғалімдердің рухани дүниетанымын қалыптастыру факторлары, болашақ мұғалімдердің рухани дүниетанымы және оның кейбір категориялармен байланысы, тұлғалық-бағдарлы білім берудің тарихи алғышарттары, «Рухани дүниетанымның мазмұны мен технологиясы» элективті курсының тұжырымдамалық негіздері секілді тақырыптарды қамтиды. Ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурстарға тұрақты түрде ғылыми жоба ұсынылып келеді. «Құқықтық мәдениетті арттыру және мемлекеттіліктің негіз қалаушы құндылықтарын құрметтеуді қалыптастыру» жобасы аясында 1 оқу-әдістемелік құрал жарық көрді.

Ғылыми-зерттеу институты 2014 жылдан бастап чехиялық «Sociosféra-CZ» Ғылыми-баспа орталығымен бірлесе отырып жыл сайын «Қазіргі шарттардағы тәрбиенің мақсаттары, міндеттері мен құндылықтары» және «Адам мен қоғам қауіпсіздігі әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың мәселесі ретінде» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізіп келеді. Осы жылы да аталмыш конференцияларды өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, институт ресейлік «Молодой ученый» журналының арнайы шығарылымдарын дайындайды. Осы уақытқа дейін институт журналдың 39 арнайы нөмірін жарыққа шығарды. Ғылыми-зерттеу институты тұрақты түрде өткізіп отыратын «Заманауи ғылым және инновациялар» Халықаралық конференциясының нөмірлерін университет құрылтайшысы қаржыландырып отырады.

Ғылыми-зерттеу институты ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру бойынша университет кафедраларына өз көмегін беріп келеді. Нәтижесінде 2021 жылы «Жылыжайда лимон өсіру бойынша нұсқаулық» коммерцияландырылды.

«Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!