Қоғам дертін тап басып танып, қарасөздің қаймағын қаламмен қалқып беріп, тілшілік тіршілікте тынымсыз еңбек етіп жүргендер көп. Бұғып қалу мен бүгіп қалуды білмейтін таланттар арасында жас та жетерлік. Мақсатын мансап қуалауға емес, халық игілігіне бағыттаған жанның жұлдызы жарық болатыны белгілі. Жақында бас қаладан Сыр еліне сүйінші хабар жетті. Еңбек жолын өңірлік басылым, аймақтық арнадан бастаған «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Бекзат Аманов «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінде «Үздік журналистік зерттеу» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Осы орайда әріптесімізбен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Кіл таланттының ішінде топ жару оңай емес. Десе де бәйгеде басып озамын деген ішкі сенім болды ма?
– «Тұмарды» журналистердің «алтын добы» деп атап һәм «Оскар» сыйлығымен тең көреді. Сондықтан төгілген тер мен еткен еңбек таразыға түскенде бәсіміздің биік болғаны қуантты. Сараптама сараланып, зерттеу зерделенетін бәйгеде озық боламыз деген ой да, сенім де болды. Байқауда өткен жылдың қазан айында түсірген» арнайы репортаж «АЭС ақиқаты» үздік деп танылды. Бұл шығарылымда қордаланған мәселені көтеріп, «АЭС бізге керек пе?», «Ол қауіпсіз бе?», «Чернобыльдің тағдырын қайталамай ма?», бұдан бөлек «Оны кім, қайда салады?» сынды сан сауалға жауап іздедік. Сарапшылар мен мемлекеттік органдардың ойын, тіпті ауыл тұрғындарының пікірін біліп қайттық. Қысқасы осы арнайы репортажды түсіруге 1 ай көлемінде уақыт кетті. 3 өңірге бардық. Тілшілермен бірге оператор, режиссер секілді 10-нан аса маман әр жерді аралап, зерттеу жасап, хабардың сәтті шығуы үшін жұмыла кірісті. Жұмыс көрермендер тарапынан жоғары бағаланып, өз уақытында қолдау тапты. АЭС-тың төңірегінде өрбіген сұрақ, туындаған түйткілді қаузап, қалың қауымға шынайы ақпарат беру – басты миссиямыз болды. Байқауда бұйырған жүлде – ортақ еңбектің жемісі деп білемін.
– Облыстық телеарнадағы тәжірибе бір белеске шығарды. Жалпы, «Хабар 24» арнасындағы қызметіңізге қанша уақыт болды?
– Иә, тәжірибе мен тартынбас табандылық адамның ұмтылысын ұсақтамайтыны анық. Аймақтық телеарнада қабілетімді шыңдай түстім. Ал «Хабар 24» арнасындағы қызметіме 1 жыл болды. Осы уақыт ішінде көптеген арнайы репортаж, жаңалыққа сюжет дайындап, тікелей қосылымдарға шықтым. Жалпы аталған арна жас журналистерге зор мүмкіндік береді. Сондықтан қызметімнің осында жалғасқанына қуанамын.
– «Репортаж – оқиғаның өзі». Оперативтілік пен толымды зерттеу болмаса жұмыстың шикілігі байқалады. Аталған жанрға бейім болуыңызға не себеп?
– Журналистика – әмбебап мамандық. Сондықтан кез келген журналист, қолына қалам ұстаған маман жанрды жыға танып, қабілетті болу керек. Репортаждың құрылымын біліп, оқиғаны сол мезетте баяндаудың әдіс-тәсілін меңгеру қажет. Шиеленіс пен шешім, қорытынды мен түйінді тыс қалдырмай, көрермен талғамын ескеру негізгі талап. Өзіме жаңалықтарға сюжет дайындағаннан гөрі журналистік зерттеу жүргізген ұнайды. Бір сәтте жеделдік пен сапаға көңіл бөліп, дәйекті дерекке жүгінген жөн.
– Әр хабарыңыз тапқыр тақырыбы, мәнді мазмұнымен ерекше. Осы орайда өзіңізге ерекше ұнаған репортаж қайсы?
– Көрермен жаңалықты, оның мазмұнын түрліше бағалайды. Сол себепті әр шығарылымның нақты фактіге құрылуын назарға алып, таңдаған тақырып төңірегінде терең талдау жасауға тырысамын. Жоғарыда атап өткен «АЭС ақиқаты» және Жаңаөзендегі мұнайшылар мәселесін қозғаған «Қалың қалай, мұнайшы?» атты арнайы репортаждар өзіме ыстық. Сондай-ақ, маған ұнаған тағы бір шығарылым қуғын-сүргінге байланысты түсірілген «Алжир – азап аралы». Израильдегі тілшілерге сұраныс жасап, Қарағандыдағы «Алжир» түрмесінде ең алғаш туған сәбиді тауып алып, одан бөлек тарихшылармен тілдестік. Бұрын соңды айтылмаған деректерді ортаға салдық. Бұл сәтті жұмыс үшін де режиссерлер оқиға орнына барып түсіріп, керемет дүние жасалды. Монтажына дейін ерекше болды. Қызық пен шыжықтың ортасында жүріп жасағаның өнімді болса көрермен көкейіне ой салғанымыз.
– Салада үздік атанып, жүлдеге ие болдыңыз. Енді алдағы уақытқа жүйелеген жоспар мен мақсат қандай?
– «Тұмар» – баптың ғана емес, бақтың да рөл атқаратын байқауы. Жаза білетін талант, дара жолы қалыптасқан дарынды көп. Сондықтан еңбек еленіп, жүлдені еншілеуім бағымның жанғаны деп есептеймін. Басты мақсатым – көрермен мен оқырманға обьективті, шынайы ақпаратты жеткізу. Ал қызмет, жүлде, лауазым оның бәрі екінші орында. Өйткені мамандыққа адалдық алға жетелейтіні анық.
Сұхбаттасқан
Замира ДАСТАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!