Матемика – ғылымдардың бастауы. Ол болмағанда байланыс пен бірігу, қабысу мен қиысу да болмас еді. Сан ілімі мен математика әлемі тіршіліктің тұтқасы іспетті. Өйткені математиканың тілі саналған сандар болмаса күнтізбеден күнді белгілеп, қолдағы қаржының есебін білмей есеңгіреп қалушы едік.

Ақиқатында, пішін, мөлшер, өлшем дегеннің бәрі осы ғылыммен астасады. Оның күрделі һәм қиын бәрі біледі. Формуланы жете түсінбеген, ережені ескермеген, теорема мен теорияны меңгермеген адам. Логикасы жақсы қалыптасқан дарын ғана есепті еш қиындықсыз шығарады. Бүгінде жас буын математикаға бейім. Кіл сан мен түрлі таңбадан «миым ашыды» деп іргені аулақ салатындар жоқ. Керісінше «осы бағыт бойынша жоғары оқу орнына түсемін» деген қалауы есепке жүйріктердің көп екенін аңғартады.
Сыр өңірінде Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, математик, профессор Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктер арасындағы халықаралық байқау басталды. Білімділер додасына еліміздің және көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекетінен келген 18 бен 28 жас аралығындағы 100 математик бақ сынамақшы.
– Халықаралық байқаудың мақсаты – жас математик мұғалімдердің кәсіби шеберлігі мен білім алушылардың қабілетін дамыту. Білімділер байқауы 2014-2018 жылдар аралығында Қызылорда қаласында өтіп келген. Ал 2019 жылы бұл байқау тұңғыш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен аталған байқауға қатысушылар саны артып, сайыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына ықпал етті. Жалпы, Сыр елі тек қасиетті өнердің ғана емес, білімділердің де ортасы. Біздің өңірде талайды таңдай қақтырған мықтылар шыққан. Солардың ізін жалғастыру үшін жастар білім мен ғылымға бет бұру керек. Халықаралық олимпиада нағыз метематиктерді анықтауға және жас ғалымдардың атын шығаруға үлкен мүмкіндік болмақ. Сайыста 7 күрделі есеп болады. Берілген есептер тек біздің ғана байқауға арнайы дайындалған. Сондай-ақ, биылғы байқаудың бір ерекшелігі – қатысушыларға өзім ойластырған бір есепті қоятын боламын. Қатысушы жастарға сәттілік тілеймін!, – деді Асқар Серқұлұлы.
Аймақта жаратылыстану бағытындағы пәндерге айрықша мән беріліп, баланы математикаға бейімдеуі қуанарлық жаңалық. Мәнін табуда мүдірмей, шешімін шығаруда шыдамды, есепте епті болуға үндейтін бұл байқаудың маңызы зор.

  • Екінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық байқау мектеп оқушыларын математикалық сұрақтарға дайындауға және білім деңгейін арттыруға, жастардың арасындағы өзара достық қарым-қатынасты қалыптастыруға өз септігін тигізеді деп ойлаймын. Өткен жылы аймақ басшысы белсенді жастармен кездесу барысында сайысты облыстық деңгейде және халықаралық сипатта өткізу туралы шешім қабылдады. Байқаудың өтуіне қолдау білдірген Асқар Жұмаділдаев пен «Қазақстан Математика пәні мұғалімдері қауымдастығының» ұжымына алғыс айтамыз, – деді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов.
    Байқаудың жалпы жүлде қоры – 3 млн 600 мың теңге. Білім бәйгесінде бағы мен бабы қатар шапқан қатысушылар жеңіс тұғырынан көрінді. Иә, жеңім­паздар жарияланып, байқау қорытындыланды. Бас жүлде бұйырған алматылық Қуаныш Жолдасов 1 млн теңге қаржылай сыйлықты еншіледі. ІІ орын иегерлері алматылық Нұрбек Күнғожин мен қызылордалық Бәймен Сәбит 500 мың теңгені иеленді. ІІІ орын иегерлері Астана қаласынан Ақылбек Исатай мен тараздық Бауыржан Кеңесов болды. Сон­дай-ақ, белсенділік танытқан 10 қатысушы ынталандыру сый­лы­ғымен марапатталды.

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!