Солтүстік Қазақстан облысында оқушылар білім бөлімінің ғимаратында оқып жүр. Өйткені Тайынша қаласындағы нөмірі бірінші орта мектебінің төбесі опырылып түсіп, апаттық жағдайда деп танылған. Жергілікті әкімдік кеңсесіне уақытша көшірілген балалар, үш жылдан бері сол жерде оқып жатыр. Ең сорақысы 100 орынға шақталған тар бөлмелерде бес жүзге жуық бала үш ауысымда оқиды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп.

70 жыл бұрын салынған бұл нысан алғашында партиялық комитет кеңсесі болған. Қазір екі қабатты ескі ғимаратта 450 бала үш ауысымда білім алып жүр. Оқушылар тар бөлмеге сыймағандықтан, бір-бірімен қыстырылысып отыратындарын айтады. Тіпті, бір де бір терезесі ашылмайтын бөлмелерде көбінің тынысы тарылып, ауа жетпей қалады екен. Соның кесірінен тез шаршап, сабақ оқи алмаймыз дейді.

“Зертханалық жұмыстарды жүргізетін арнайы жабдықтар атымен жоқ. Тәжірибенің орнына тек теорияны ғана оқытады. Сондықтан толыққанды білім ала алмаймыз”, – дейді Тайынша қаласы №1 орта мектебінің оқушысы Ксения Алексеенко.

Оқу орны бұған дейін білім бөлімінің ғимараты болған. Бірақ қаладағы нөмірі бірінші орта мектептің төбесі ортасына түсіп, мекеме апаттық деп танылған. Сөйтіп, «уақытша» көшірілген оқушылар осы ғимаратта оқып жүргенімізге үш жыл болды дейді. Ұстаздар кабинеті мен сынып бөлмелерінің аумағы 10 шаршы метрге де жетпейді. Ал кітапхана оқулықтарды сақтайтын қоймаға көбірек ұқсайды.

“Көріп тұрсаңыздар осындай жағдайда жұмыс істейміз. Кітап қоймақ түгілі, өзіміз жүріп-тұратын орын жоқ. Балалар кітапханаға келіп кітап ала алады. Бірақ оқып отыратын орын жоқ. Мектепте кейбір пәндерге арналған кабинет жоқ. Мәселен, балалар еңбек сабағын көршілес орналасқан спорт мектебінің ғимаратына барып оқиды”, – дейді Тайынша қаласы №1 орта мектебінің кітапханашысы Людмила Рыбак.

Мектеп әкімшілігі басқа жерлерден бірнеше бөлме жалдауға мәжбүр болғанын айтады.

“Бұл ғимарат та әбден ескірген. 110 орындық жерге үш есе көп адам сыйғызып отырмыз. Қиын болса да оқу процесін дұрыс ұйымдастыруға тырысамыз”, – дейді Тайынша қаласы №1 орта мектебінің директоры Ольга Иванова.

Ал жаңа мектептің құрылысы тек биыл жазда басталған. Жергілікті билік өкілдері құрылыстың кеш басталуына, жобалық-сметалық құжаттардың дер кезінде дайын болмауы себеп деп отыр.

“Ата-аналар жаңа мектеп бұрынғы ғимараттың орнында болсын деп қалады. Сосын апаттық мектепті бұзып, сүріп тастадық. Осының бәрі құрылыстың кешігуіне әсер етті”,  – дейді Тайынша ауданы білім бөлімінің басшысы Гүлнәр Игібаева.

Жаңа мектеп ғимаратын мердігерлер 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін тапсыруы тиіс. Ал Солтүстік Қазақстан облысында үш мектеп апаттық деп танылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!